Қазақстандықтар енді телефон соққан ұйымның атауын экраннан көре алады
Қазақстанда компаниялар мен ұйымдардан келетін қоңыраулар арнайы белгіленеді. Соның арқасында абонент телефонына жауап бермей тұрып, қай ұйым хабарласып жатқанын біле алады. Бұл телефон алаяқтығына қарсы күрес шараларының бірі. Жаңа талаптар туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, байланыс операторларының Ұлттық банктің Антифрод-орталығымен өзара іс-қимыл тәртібі бекітілген. Сонымен қатар заңды тұлғалардан келетін қоңырауларды таңбалау енгізіледі.
«Абонент телефон экранынан оған қай ұйым қоңырау шалып жатқанын көре алады», – деді Жаслан Мәдиев.
Бұдан бөлек, ұялы байланыс нөмірін тіркеген кезде абонент биометриялық сәйкестендіруден өтуге тиіс. Бұл нөмірлерді өзге адамның атына заңсыз рәсімдеу және алаяқтық мақсатта пайдалану қаупін азайтуға бағытталған.
Сондай-ақ мобильді құрылғыларды тексеру тәртібі нақтыланды. IMEI-код арқылы телефонның заңды жолмен әкелінгенін және оның сәйкестендіру коды ауыстырылмағанын анықтауға болады.
«IMEI-код бойынша тексеру заңсыз әкелінген телефондар мен коды ауыстырылған құрылғыларды анықтауға көмектеседі», – деп түсіндірді министр.
Тағы бір өзгеріс – интернетке қол жеткізу және халықаралық IP-телефония қызметтерін көрсету үшін байланыс операторларына лицензия алу талабы енгізілді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
24 қараша 2026