Ресейдің ғарышқа ұшырылатын ядролық қаруына қатысты НАТО басшысы мәлімдеме жасады
Ресейдің ядролық қаруы бар жерсерігі туралы хабарламалардан кейін НАТО басшысы ғарыштағы қауіп-қатерден қорғануға уәде берді.
ВВС ақпаратына қарағанда, Ресей ядролық қарумен жабдықталған жерсерікті ұшыруға дайындалып жатқаны туралы ақпарат тараған. Осыдан кейін НАТО Бас хатшысы Марк Рютте альянстың ғарыш кеңістігіндегі кез келген қауіп-қатерден қорғанатынын мәлімдеді.
Неміс бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, осы айда НАТО елдері арасында алдағы 60 күн ішінде зымыран ұшырылуы мүмкін екені туралы барлау есептері таратылған. Алайда бұл есептерді қай елдің дайындағаны белгісіз.
«Біз НАТО аумағының әрбір сантиметрін әрдайым қорғаймыз. Бұл ғарыш кеңістігіндегі қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуді де қамтиды», – деп жауап берген Рютте.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков соңғы хабарламалармен таныс емес екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ол «белгісіз дереккөздерге» сілтеме жасалған ақпаратты жоққа шығарып, оны «назар аударуға тұрмайтын хабарламалар» деп атады.
Ресейдің Берлиндегі елшілігі неміс БАҚ-тарына берген мәлімдемесінде «негізсіз айыптауларды» жоққа шығарып, бұл ақпаратты «үгіт-насихат науқанының» бір бөлігі деп санайтынын жеткізді.
NDR және WDR телеарналары, сондай-ақ Süddeutsche Zeitung газеті Германияның әскери және барлау қызметтеріндегі аты-жөні аталмаған дереккөздерге сілтеме жасап, Ресейдің жерсерігі «Спутник-С» деп аталатынын және оның ядролық оқтұмсықпен жабдықталғанын хабарлады.
Айта кететін жайт, НАТО Ресейдің шабуылына тойтарыс беретін стратегия жасап шыққан болатын.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
24 қараша 2026