Қазақстандықтар қандай жағдайда сатып алған телефонын қайтара алады
Қазақстанда мобильді құрылғылардың 90%-дан астамы IMEI-код арқылы верификациядан еш қиындықсыз өтеді. Ал тексеруден өте алмаған телефонды сатып алушы сатушыға қайтаруға құқылы. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков мәлімдеді.
Комитет басшысының айтуынша, телефондардың шамамен 9%-ы тексеруден өте алмай отыр. Олардың бір бөлігі елге бейресми сатушылар арқылы немесе шетелден әкелінген болуы мүмкін.
«Алаяқтық белгілері бар өтінімдер де кездеседі. Мысалы, бір IP-мекенжайдан мыңдаған телефонды тіркеуге өтінім беріледі. Бұл кәсіпкерлік қызметтің айқын белгілерін көрсетеді», – деді Дамир Сейсембеков.
Комитет төрағасының дерегінше, қыркүйек айының соңынан бастап, яғни iPhone-ның жаңа моделі шыққаннан бері желіде 279 мың құрылғы тіркелген. Оның 85%-ы Қазақстаннан сатып алынған және верификациядан өткен.
Дамир Сейсембековтің айтуынша, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, сатып алушы верификациядан өтпеген телефонды сатушыға қайтара алады.
«Сатушы тек верификациядан өткен телефондарды сатуға міндетті. Тексеруден өтпеген құрылғыны сату арқылы ол сауда саласындағы заң талаптарын бұзады», – деді комитет төрағасы.
Еске салайық, Қазақстанда мобильді құрылғыларды IMEI-коды бойынша орталықтандырылған есепке алу жүйесі іске қосылды. Жаңа талап бойынша телефонды верификациядан өткізуге 30 күн беріледі. Егер құрылғы осы мерзімде тексеруден өтпесе, қара тізімге енгізіліп, оған ұялы байланыс қызметтерін пайдалану шектеледі.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
24 қараша 2026