Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Мерей Хуанбай Го ойынынан халықаралық турнирде жүлдегер атанды

kz.kursiv.media

Мерей Хуанбай Го ойынынан халықаралық турнирде жүлдегер атанды

Астанада Го (Вэйци) ойынынан «Жібек жолы» халықаралық турнирі өтті. Екі күнге созылған зияткерлік сайысқа алты елден 71 ойыншы қатысты. Қазақстандық Мерей Хуанбай Орталық Азия елдері арасындағы есепте екінші орын иеленді.

Халықаралық турнирге Қазақстан, Қытай, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан өкілдері қатысты.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Го федерациясының президенті Ерлан Баймұхаметов, Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь және спорт қауымдастығының өкілдері қатысты.

Қазақстан Го федерациясының президенті Ерлан Баймұхаметов жарыстың жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатынына үміт білдірді.

«Алты турнирлік кезеңде терең стратегияларды, әдемі комбинацияларды, спорттық мінез бен қарсыластар арасындағы шынайы құрметті көрдік. Қазақстан астанасында осындай ауқымды халықаралық турнирлерді өткізу игі дәстүрге айналып, үздік ойыншыларды алдағы уақытта да бір алаңға жинайды деп сенеміз», – деді ол.

Халықаралық есепте Қытай мен Оңтүстік Корея ойыншылары үздік үштікке енді.

Орталық Азия елдері арасындағы есепте Қырғызстан өкілі Данай Айталиев жеңімпаз атанды. Қазақстандық Мерей Хуанбай екінші орын иеленсе, қырғызстандық Эрнур Эмилиев үшінші орынға тұрақтады.

Сонымен қатар қазақстандық Жаслан Досжанов, Антон Иванов, Арман Құрманаев және Инкара Мұқанова өз номинациялары бойынша үздік атанды.

Қарағандыдағы Го мектебінің 22 жастағы оқушысы Мерей Хуанбай турнир қорытындысы бойынша «Қазақстанның үздік ойыншысы» атанды. Ол Го ойынымен төрт жылға жуық уақыт айналысады. Бұған дейін Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея және Қырғызстанда өткен халықаралық жарыстарға қатысқан.

Қазақстандық ойыншы Астанадағы турнирде оңтүстіккореялық қарсыласымен өткен партияның ерекше тартысты болғанын атап өтті.

«Турнир барысында көптеген мықты ойыншымен кездесіп, Қытай мен Кореядан келген қатысушылармен таныстым. Әсіресе кореялық спортшымен өткен соңғы партия есімде қалды. Ол өте мықты қарсылас болды, тартыс соңғы минутқа дейін жалғасты. Нәтижеме қуаныштымын», – деді Мерей Хуанбай.

Оның алдағы мақсаттарының бірі – Қазақстан чемпионатында жеңіске жету.

Го – Қытайда 2500 жылдан астам уақыт бұрын пайда болған ежелгі зияткерлік ойындардың бірі. Ойын арнайы тақтада ақ және қара тастардың көмегімен ойналады. Сырттай қарапайым көрінгенімен, Го терең стратегиялық ойлауды, шыдамдылықты, зейін қоюды және әрбір шешімнің салдарын алдын ала болжай білуді талап етеді.

Оқи отырыңыз: Төрт мың жылдық тарихы бар Го ойыны: Шығыс философиясы Қазақстанға қалай келді

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
25 қараша 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар