Қонақүйлерге жаңа талаптар енгізіледі: клиенттер үшін не өзгереді
2027 жылғы 1 наурыздан бастап Қазақстанда қонақүй қызметін көрсетудің жаңа ұлттық стандарты күшіне енеді. Құжат брондау тәртібінен бастап, нөмірді тазалау, тамақтану, қауіпсіздік және қонақтардың шағымдарын қарауға дейінгі қызмет көрсету талаптарын қамтиды.
«Туризм және ілеспе қызметтер. Қонақүйлер. Қызметтерге қойылатын талаптар» стандарты халықаралық ISO 22483:2020 құжаты негізінде әзірленген. Оны ҚазСтандарт дайындаған. Жаңа талаптар санатына қарамастан барлық қонақүйге арналған.
Стандарт бойынша, қонақүй нөмірді брондамас бұрын клиентке оның бағасы, алдын ала төлем жасау қажеттілігі және броньнан бас тарту шарттары туралы ақпарат беруге тиіс. Брондау өтінімі 24 сағаттан кешіктірілмей қаралуы керек.
Қонақүйге кіру және шығу уақытын әр мекеме өзі белгілейді. Дегенмен стандарт қонақтарды қабылдауды сағат 14:00-ден кешіктірмей бастауды, ал нөмірді босату уақытын 12:00-ден ерте белгілемеуді ұсынады.
Егер қонақ белгіленген уақытта келіп, нөмірі әлі дайын болмаса, қонақүй қызметкерлері оның жүгін уақытша сақтауға қабылдауы керек. Күту кезінде қосымша қызмет ұсыну да қарастырылған.
Тамақтану кезінде де қонақтардың қажеттілігі ескерілуі тиіс. Мысалы, тағам құрамында жаңғақ бар-жоғын сұраған клиентке қызметкерлер толық ақпарат беруге міндетті. Ал өтініш бойынша асүйдегі өнімдерді ескере отырып, жаңғақсыз кемінде бір тағам ұсынуы қажет.
Сонымен қатар қонақтар тәулік бойы ауызсумен қамтамасыз етіліп, нөмірлер күн сайын тазалануы керек. Бірақ есікке «Мазаламаңыз» деген белгі ілінсе, тазалау кейінге қалдырылады. Қонақ нөмірде болған жағдайда қызметкерлер тазалауды оның рұқсатымен жүргізеді.
Қызмет сапасына қатысты шағымды ауызша немесе жазбаша беруге болады. Қонақүй өтінішті тіркеп, оны қарау нәтижесінде қандай шара қабылданғанын көрсетуге тиіс.
Жаңа стандартта қауіпсіздікке де ерекше көңіл бөлінген. Мысалы, еден жуылғаннан кейін сырғанау қаупі туралы ескерту белгісі қойылуы қажет. Ал бассейн маңында оның тереңдігі, суға сүңгуге рұқсат етілгені және құтқарушының кезекшілігі туралы ақпарат болуы тиіс. Құтқару құралдары да көрінетін әрі қолжетімді жерде тұруы керек.
Бассейнде жазатайым оқиға болса, қызметкерлер алдын ала әзірленген жоспар бойынша әрекет етіп, оқиғаны тіркеуге міндетті. Қонақүй мамандарын оқыту бағдарламасына алғашқы көмек көрсету мен реанимацияның негізгі тәсілдері де енгізіледі. Бұдан бөлек, стандарт қонақүй қызметінің ерекшелігіне қарай азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыруды қарастырады.
Құжатта тамақтану гигиенасы, ортақ пайдаланылатын орындардың тазалығы, жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, іс-шаралар мен қонақтардың бос уақытын ұйымдастыру талаптары да қамтылған.
Жаңа стандарт қонақүйлердегі қызмет сапасын біріздендіріп, кемшіліктерді анықтауға және қызмет көрсету деңгейін жақсартуға бағытталған.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда көлікпен саяхаттау: жолға шығарда нені ескеру керек
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
24 қараша 2026