Ұлытау облысында 400 келіге жуық қоры бар алтын кен орны игерілмек
Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында орналасқан «Студенческое» алтын кен орнын игеру жоспарланып отыр. Жобаға «Орда Group» ЖШС бастамашы болды.
Qazba.kz ақпаратына қарағанда, бұл жерде алтынның бары 1985 жылы анықталған. Негізгі заманауи зерттеулер 2020–2023 жылдары өтті. Ол кезде топографиялық түсірілім жасалып, ор қазылды, бұрғылау жүріп, сынамалар алынды. Сондай-ақ зертханалық, технологиялық және гидрогеологиялық зерттеулер жүргізілді. Осы деректер негізінде кен орнының үш өлшемді моделі жасалып, ресурстар есептелді.
KAZRC стандарты бойынша 2024 жылдың басындағы минералды ресурстар 328,9 мың тонна кенді құрады, алтынның орташа мөлшері бір тоннаға 1,18 граммды құрайды. Алтынның жалпы қоры 388,14 келі, ал өндіруге болатын көлемі 335,35 келі деп бағаланып отыр.
Сонымен қатар жобада алтынның базалық есептік бағасы бір троя унциясына 3 000 доллар немесе бір граммына 96,45 доллар мөлшерінде белгіленген.
Қазіргі уақытта «Орда Group» компаниясында 2019 жылғы 24 желтоқсанда берілген № 466-EL барлау лицензиясы бар. Ол жалпы аумағы 4,6 шаршы шақырым болатын бірнеше блокты қамтиды. Алтын өндіру тиісті лицензия рәсімделіп, міндетті келісімдер алынғаннан кейін басталады. 2027–2036 жылдары жыл сайын 200 мың тонна кен өндіру көзделген.
Айта кетейік, «Орда Group» ЖШС құрылтайшылары — Әмира Надирова мен Зарина Уракова.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
25 қараша 2026