Олимпиада чемпионы Азия алтынын ала ала ма? Елдос Сметовтің басты қарсыластары
30 қыркүйекте Аичи–Нагоя Азия ойындарында дзюдодан бәсеке басталады. Алғашқы күні ерлер арасында 60 және 66 кг, әйелдер арасында 48 және 52 кг салмақ дәрежелерінің жүлделері сарапқа салынады. Қазақстанның басты үміттерінің бірі – Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов. 60 кг салмақта барлығы 20 дзюдошы тіркелген.
34 жастағы Елдос Сметов 2024 жылғы Париж Олимпиадасынан кейін екі жылға жуық IJF жарыстарында өнер көрсетпеді. Оның алғашқы ірі халықаралық турнирі биыл маусымда өткен Циндао Гран-приі болды. Қазақстандық дзюдошы бірден жүлдеге таласып, бесінші орын алды. Қазір IJF рейтингінде ол 252 ұпаймен 117-орында тұр.
Сметов Циндаодағы жарыста бірінші нөмірлі спортшы Балабай Ағаевты жарыстан шығарды. Кейін Энцо Жанға ұзаққа созылған golden score кезінде есе жіберді. Қола үшін белдесуде Аюб Блиевтен жеңілді. IJF сол турнирде Сметовтің жоғары деңгейдегі бәсекеге қайта бейімделіп келе жатқанын атап өткен.
Демек, рейтингтегі 117-орынға қарап Сметовті аутсайдер деуге болмайды. Ол рейтинг ұпайларының көп бөлігін жарысқа шықпаған кезеңде жоғалтты. Бірақ бұл жағдайдың екінші жағы да бар: Сметов Азия ойындарында рейтингі төмен спортшы ретінде қатысады. Ал алғашқы сегіз нөмірге Жапония, Тайвань, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Бахрейн, Моңғолия, Тәжікстан және Қытай дзюдошылары кірген. Сондықтан жеребе оны мықты қарсыластардың бірімен жарыстың ерте кезеңінде-ақ кездестіруі мүмкін.
Сметовтің алтын жолындағы ең қауіпті қарсыластардың бірі – жарыс қожайыны Хаято Кондо. 24 жастағы жапониялық Азия ойындарының бірінші нөмірлі спортшысы. Ол әлемдік рейтингте 10-орында тұр.
Кондоның қазір бабында. Ол 2025 жылғы Циндао Гран-приін, 2025 жылғы Tokyo Grand Slam турнирін және биылғы Циндао Гран-приін жеңіп алды. 2025 жылғы Ұлан-Батыр Grand Slam жарысында күміс алған. Яғни соңғы бес ірі жарысының төртеуінде финалға дейін барған.
Маусымдағы Циндао Гран-приінде Сметов бесінші орын алса, дәл сол турнирде Кондо чемпион атанды. IJF дерегінше, жапониялық сол жарыстан кейін басты мақсаттарының бірі Азия ойындары екенін айтқан.
Оған қоса Кондо өз елінде күреседі. Сондықтан қазіргі нәтижелер мен рейтинг тұрғысынан қарағанда, ол 60 кг-дағы негізгі фавориттердің қатарында.
Екінші маңызды қарсылас – Тайвань өкілі Ян Юнвэй. Ол Азия ойындарына екінші нөмірмен қатысады және әлемдік рейтингте 11-орында тұр.
Ян – Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері әрі қазіргі Азия ойындарының чемпионы. 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарының финалында ол оңтүстіккореялық Ли Харимді жеңіп, алтын алған.
2026 жылы да тұрақты нәтиже көрсетіп жүр. Сәуірдегі Азия чемпионатында күміс, мамырдағы Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысында қола алды.
Бірақ Сметов үшін маңызды психологиялық фактор бар: Париж Олимпиадасында ол Янды жеңген. Ол кезде Ян әлем рейтингінің бірінші нөмірі болатын. Сметов ширек финалда тайваньдық дзюдошыны жарыстан шығарып, кейін Олимпиада чемпионы атанды.
Үшінші нөмірмен Азия ойындарына Оңтүстік Кореяның тәжірибелі дзюдошысы Ли Харим келеді. Ол әлем рейтингінде 12-орында.
Ли 2023 жылғы Азия ойындарының финалисі. Бұған қоса әлем чемпионаттарында бірнеше рет жүлде алған тәжірибелі спортшы. Сметовпен салыстырғанда Лидің соңғы екі жылдағы халықаралық жарыс тәжірибесі әлдеқайда көп.
Бахрейн атынан өнер көрсететін Руслан Полторацкийді де назардан шығаруға болмайды. Ол биыл сәуірде Азия чемпионы атанды. Финалда дәл Ян Юнвэйді жеңді. Қазір әлем рейтингінде 18-орында және Азия ойындарының бесінші нөмірлі спортшысы.
Полторацкий тамыздағы Лозанна Grand Slam жарысында да жүлдеге жақын келіп, бесінші орын алды. Оның жасы мен қазіргі қарқынын ескерсек, ол 60 кг салмақтағы турнирдің ең қауіпті жаңа буын өкілдерінің бірі.
Өзбекстаннан Самариддин Кучкаров төртінші нөмірмен қатысады. Ол биыл Азия чемпионаты мен Лозанна Grand Slam жарысында қола жүлде алған. Моңғолиялық Ариунболд Энхтайван да тәжірибелі қарсыластар қатарында.
Елдостың басты артықшылығы – үлкен жарыстардағы тәжірибесі. Париж Олимпиадасында оның жолы оңай болған жоқ. Сметов әлем рейтингінің сол кездегі көшбасшысы Ян Юнвэйді, кейін әлем чемпионы Франсиско Гарригосты жеңіп, финалда Лука Мхеидзеден басым түсті.
Олимпиада секілді қысым өте жоғары жарыста бірнеше фаворитті қатарынан жеңу Сметовтің бір күндік турнир тактикасын жақсы меңгергенін көрсетеді. Оның үстіне биылғы жалғыз IJF турнирінің өзінде бірінші нөмірлі Балабай Ағаевты жеңуі үзілістен кейін де элиталық қарсыластармен күресе алатынын көрсетті.
Ал негізгі тәуекел – жарыс тәжірибесінің аздығы. Кондо, Ян, Ли мен Полторацкий 2025–2026 жылдары халықаралық айналымда тұрақты күресіп жүрсе, Сметов Парижден кейін IJF деңгейінде бір ғана турнир өткізді. Оның үстіне рейтингтің төмен болуына байланысты жеребеде жолы жеңіл болмайтыны анық.
30 қыркүйекте 60 кг салмақтағы алдын ала белдесулер Қазақстан уақытымен 07:00-де басталады. Финалдық блок – Қазақстан уақытымен 13:00-де.
Бұған дейін, боксшы Айбек Оралбай Азия ойындарының финалына шыққан еді.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Қыркүйек, 28
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
29 қыркүйек 2026