Маңғыстаудағы 14 сарбаздың өлімі: Төрт күннің хронологиясы
24 қыркүйекте Маңғыстаудағы әскери оқу-жаттығу кезінде 14 сарбаз қайтыс болды. Бейбіт заманда 20-ға енді толған, өрімдей 14 жауынгерден айырылып қалу тұтас қоғам үшін ең ауыр жаңалыққа айналды. Ел бір күнге қара жамылды. Kursiv Media қасіретті күннің хронологиясын еске түсіріп шықты.
13: 57. Ең алғашқы жаңалық. Төтенше жағдай туралы ақпарат 24 қыркүйек, 13: 57-де Қорғаныс министрлігінің парақшасында жарияланды. Жаңалықты БАҚ іліп алып, бірнеше минут өтпей жатып барлық сайттар мен әлеуметтік желілерге шықты. Ең бірінші тараған ақпарға сәйкес, әскери оқу-жаттығу кезінде 19 қазақстандық әскери қызметші суға құлаған, оның тоғызы қайтыс болды. Үш әскери құтқарылды, біреуі аурухана жатыр. Қалғандарын іздестіріп жатыр.
Қорғаныс министрлігі атынан көңіл айтылды.
14:27. Бас прокуратура тоғыз теңізшінің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғанын хабарлады. Арнайы тергеу тобы құрылды.
БАҚ Каспийдегі сарбаздар қатысып жатқан оқу-жаттығулардың жай-жапсары жайлы жаза бастады. Белгілі болғандай, министрлік осыдан екі күн бұрын ресми түрде Каспийде «Хазар қорғаны – 2026» атты оқу-жаттығу жиыны басталғанын хабарлаған еді. Оған жалпы 500 әскери қатысқан. Шараға Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы 1-ші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков басшылық жасайды
Әлеуметтік желіде қайғылы жағдай болған жерден түсірілген видеолар тарай бастады. Алғашқылардың бірі болып жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаев парақшасына жағада түсірілген видеоны жариялады. Бейнежазбада құтқару операциясы жүріп жатқан тәрізді. Суда бірнеше әскери техника тұр, әскери формадағы қызметкерлер жүр.
15:33. Қайғылы оқиға үкімет реакция білдірді. Бектенов үкіметтік комиссия құрылатынын хабарлады. Оның басшысы болып премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаевты бекітті. Қаңтар оқиғасынан кейін митингтер, су тасқыны тәрізді апатты жағдайға «алдыңғы шепте» жүріп үйренген шенеунік бұл жолы да шұғыл Ақтауға аттанып кетті.
15: 50. Алғашқылардың бірі болып Әзербайжан СІМ Ақтаудағы қайғылы жағдайға қатысты көңіл айтты. Артынша іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жерге әзербайжан диаспорасының өкілдері келді. AZAL апаты кезіндегі қазақстандықтардың көмегін үшін рахмет айтып, құтқарушыларға азық-түлік пен су жеткізді.
16.47. Ақорданың реакциясы. Тоқаев қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтты. Үкіметтік комиссияға болған жағдайдың мән-жайын анықтауды, қаза болғандардың отбасына көмектесуді тапсырды.
18:30. Каспийдегі сарбаздар қазасына байланысты Ақтауда мерекелік шаралар тоқтатылды.
19:00. 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Әлеуметтік желіде әскерилердің өлімі қызу талқыланып жатты.
19:54. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ауруханаға жеткізілген сарбаздың жағдайы туралы мәлімдеме жасады. Оның жағдайын тұрақты ауыр деп бағалап, дәрігерлер бақылауында болатынын хабарлады.
20:00. Бозымбаев Ақтауға жетті. Шұғыл түрде жиын өткізіп, тергеуді, қайтыс болғандардың отбасына көмек көрсетуді жеке бақылауына алатынын айтты.
21:03. Қорғаныс министрлігінің «шатасуы». Бастапқыда ведомствоның 19 адамды толқын әкетіп, оның тоғызы қайтыс болды, жетеуін іздестіріп жатыр деп хабарлаған еді. Бірнеше сағаттан кейін әлеуметтік желіде тағы екі сарбаздың мәйтіні табылғаны жазыла бастады. Бірақ ведомство тек кешкі тоғызда ғана ақпаратты растады. Бірақ суға құлаған 19 емес 17 адам деп хабарлады. Бірақ сарбаздар саны өзгергеніне қатысты түсініктеме берген жоқ.
22:44. Бозымбаевтың қайтыс болған сарбаздарың отбасына «қомақты материалдық көмек көрсетіледі» деген сөзінен кейін кәсіпкерлер «іске кіріскен» тәрізді. Халық кеңесінің мүшелері Шахмұрат Мүтәліп әр марқұмның отбасына 25 млн теңге, ал Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев жалпы 100 млн теңге бөлетінін жариялады.
23.00. Түнде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты екі қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәліметінше, оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бабы («Кеме жүргізу қағидаларын бұзу») негізінде қылмыстық іс қозғалды.
08:00. Қаралы күн жарияланды. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы 14-азалы күн.
09.04. Ақордағы Каспийдегі әскери қызметшілердің қайтыс болуына байланысты Путин көңіл айтқанын, Тоқаев оған айрықша ризашылық білдіргенін хабарлады.
09:17. Каспийде суға кеткен тағы екі адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
09:37. Нұрсұлтан Назарбаев қаза тапқан әскерилердің отбасыларына көңіл айтты.
10.07. Тергеу ісіне қатысты алғашқы деректер белгілі болды. 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынған. Құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленіп, 12 сараптама тағайындалды. Қызметке салғырт қарады деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды.
10.21. Каспий теңізінде екі әскери қызметшінің денесі табылды. Осылайша оқу-жаттығу кезінде қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Іздеу жұмыстарына 252 әскери қызметші, 34 арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер және төрт тікұшақ жұмылдырылған.
10.28. Халық кеңесінің «қайырымдылығы». Бейбіт күнде 14 әскери жігіттің қайтыс болғаны туралы жарияланған әр ресми ақпаратта «марқұмдардың отбасына толық қолдау көрсетіледі» деген сыңайдағы сөйлемдер міндетті түрде болды. Қоғам жаңалықты өте ауыр қабылдағаны сезілген сәттен бастап-ақ Бозымбаев та «толық материалдық» қолдау болады деген. Сол күні елдегі екі ықпалды кәсіпкер 100 миллиондаған қаржы бөлді. Бұл «қайырымдылық акциясы» екінші күні де жалғасты. Халық Кеңесінің мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына жалпы 815 млн теңге бағыттайтынын жариялады. Араларында Андрей Лаврентьев, Жұмабек Жанықұлов есімді ықпалды кәсіпкерлер де бар.
Құрылтай депутаттары әскерилердің отбасына 146 млн теңге бөлетінін хабарлады.
Түс ауа (14.48). «Әділет» партиясы әскери қызметшілердің отбасыларына 1,5 млрд теңге аударатынын жариялады. Осылайша қайтыс болған 14 әскеридің отбасына барлығы 2 млрд 461 млн теңге жиналды.
Артынша қаза болған әскерилердің отбасыларына көмек көрсету үшін «Ұлттық рух» атты қор құрылды. Марқұмдардың отбасына көмектескісі келетіндер көпболғандықтан, алаяқтық алдын алу үшін осындай шешім қабылданды деп хабарлады облыс әкімдігі. Жиналған қаражат осы қорға аударылатын болды.
12.28. Каспийдегі қайғылы оқиғаға байланысты Шавкат Мирзиёев пен Садыр Жапаров қайғыға ортақтасып көңіл айтты.
13:00. Бұл уақытта Тоқаев Алматыға ұшып келді. Ол Қазақстан-Қытай форумына қатысып,қытайлық инвесторлармен жолықты. Ақорданың хабарлауынша, президент қатысқан жиын Каспийдегі сарбаздарды еске алып, бір минут үнсіздікпен басталған.
14.15. Марқұмдардың денесі отбасыларына жеткізіле бастады. Әскери қызметші Олжас Мұхтарұлының денесі әскери ұшақпен Түркістанға жеткізілді.
17.59. Маңғыстаудағы 14 сарбаздың қазасынан бір жарым тәулік өткеннен кейін ғана қорғаныс министрі Дәурен Қосанов жеке көңіл айтты.
«Қоғамның бізге қойып отырған талаптары мен сұрақтарын да түсінемін. Біз жауапкершіліктен қашпаймыз«, – деді ол сөзінде. Бірақ кешірім сұраған жоқ.
Дегенмен көпшілік министрдің сөзін қабылдай қойған жоқ. Әлеуметтік желіде министрдің журналистің әскердегі сарбаздар өліміне «да вы что» деп жауап берген былтырғы видеосы тарап жатты. Тіпті Қорғаныс министрлігі ол видеоға қатысты пікір білдіріп, Ақтаудағы оқиғаға еш қатысы жоқ екенін айтуға мәжбүр болды.
Бұл уақытта әлеуметтік желі түгелдей Каспийдегі сарбаздардың өлімін талқылап жатқан. Әсіресе, сарбаздың қайтыс болғанын темір қоршаудың ар жағында тұрып оқығаны, кей сарбаздың денесін таксимен жібергені ауыр сынға ұшырады. Желі қолданушылары АҚШ-та әскерилер қайтыс болған жағдайда үйіне барып, арнайы рәсіммен естіртетінін жазып, қайтыс болғандардың тізімін дауыстап оқыған шенділерді айыптады.
«Көргенсіздіктің екі түріне куә болдық. Бірі – жап-жас сарбазды алға салып, қақпаны мықтап ұстап, сүйіншілегендей естірту. Екінші – бай-бағланның ақша бөліп, есебін түгендеуі. Кім болғанымыз?!», – дейді Мұқаш Оралбай.
«Неге қорғаныс министрі көңіл айтуды 27 сағаттан кейін және оның өзін телесуфлерден оқып айтады? Неге мәйіттің бірін үйіне Альфард таксимен жібереді де, еріп барған әскерилер қызметтік көлікпен барады», – деп жазды танымал блогер Өркен Кенжебек.
19 56. Бозымбаевтың төрағалығымен Ақтауда тағы да комиссия жиыны өтті. ІІМ іс бойынша бес лауазымды тұлғаның ұсталғанын хабарлады. Олардың арасында Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының және катер командирлері бар. Тізімде Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы, оқу-жаттығуға тікелей жауапты Қанат Ниязбековтың аты аталмады.
Комиссия марқұмдар отбасы үшін қаржы жинау тоқтатылғанын да хабарлады. Енді жиналған қаржыны әділ бөлу үшін Маңғыстау облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов басқаратын арнайы комиссия құрылды.
22.50. Тоқаев қаза болған әскерилердің отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады. Оны марқұмдардың отбасына Маңғыстау және Түркістан облыстарының басшылары, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы және қоғам белсенділері табыстады.
09.10. Қорғаныс министрлігі министр Қосановтың Маңғыстауға барып, қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларымен кездескенін жариялады.
10.09. Әнші Садраддин Алматыдағы концертінің уақытын ауыстыратынын жариялады. Ол 27-28 қыркүйекте Орталық стадионда ән кешін өткізуі керек еді. Каспийдегі сарбаздар өлімін талқылаған жұрт елде қаралы күн екенін жазып, әншінің концертті кейінге қалдыруын талап еткен еді. Қаралы күнге байланысты бірнеше мерекелік концерттер де кейінге қалдырды.
11.30. Әлеуметтік желіде Маңғыстаудағы сарбаздар өлімі жайлы пост жазған оқырмандардан шағым түсе бастады. Кейбірінің жазуынша, Алматы немесе Астанадағы әскери полициядан хабарласып, министр туралы жазбаларын өшіруді сұраған. Темірлан @timporello есімді қолданушының жазуынша, осы іске қатысты жазбасынан кейін оған Алматы полициясынан хабарласып, постын алып тастауды сұраған. Бастапқыда бас тартқанымен, кейін өшіріп тастаған. Оның жазбалары threads-те үлкен дау тудырды. Басқа қолданушылар да полициядан шағым түскенін жаза бастады.
Осы іс бойынша Kursiv Media құзырлы органд
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Қыркүйек, 27
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
28 қыркүйек 2026