Тоқаев Қытайдың бірқатар компания жетекшілерін қабылдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың бірқатар компания жетекшілерін қабылдады, деп хабарлайды Kursiv.media.
Ақорда ақпаратына қарағанда, олардың арасында Hong Kong Sino-Science Oil and Gas компаниясының басшысы Инь Цайван, VNET Group басшысы Чэнь Шэн, Shanghai Junhe Atomic Technology басшысы Тянь Цзяшу және Silk Road Finance Corporation басшысы Ли Шань бар.
«Кездесу аясында энергетика, цифрландыру және қаржы салаларындағы жобаларды бірлесе жүзеге асыру перспективасы талқыланды. Мемлекет басшысы екі елдің жан-жақты стратегиялық серіктестігінің мазмұнын технологиялық және өнеркәсіптік тұрғыдан байыта түсу маңызды екеніне назар аударды», – делінген ақпаратта.
Президенттің айтуынша, Қытайдың жетекші компанияларының елімізге келуі Қазақстанға деген сенімнің жоғары екенін айғақтайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Инь Цайван мен ол басқарып отырған компанияға «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумын ұйымдастыруға үлес қосқаны үшін ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ Hong Kong Sino-Science Oil and Gas компаниясы Қазақстанға 3 миллиард доллардан аса инвестиция құйып, мұнай-газ саласындағы негізгі кәсіпорындардың біріне айналғанын атап өтті.
Қытай компанияларының өкілдері дәстүрлі энергетика секторымен қатар, ел дамуына бағытталған басқа да салалар мен жобаларға инвестиция көлемін ұлғайтуға дайын екенін айтты.
Сонымен қатар, Президент Fufeng Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ли Сюэчуньді қабылдады. Ли Сюэчунь компания еліміздің диқандарымен жүгері сатып алу, сондай-ақ білікті маман даярлау бойынша ұзақмерзімді серіктестік орнатуға ниетті екенін айтты.
Осы орайда еліміздің жоғары оқу орындарымен бірлескен білім бағдарламаларын әзірлеу және кәсіпорын базасында отандық ғылыми-зерттеу институттарын тарта отырып, R&D орталығын құру мүмкіндігі талқыланды.
Тоқаев мұның алдында инвестициялық жобалар туралы қазақ-қытай бағдарламасын іске қосуға ұсыныс жасаған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
25 қыркүйек 2026