Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапты
Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде 19 қазақстандық әскери қызметшіні Каспий теңізінің ағысы алып кетті. Оның тоғызы қаза тапты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйек күні болған. Қорғаныс министрлігі ақпаратты растады
«Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа-райы күрт нашарлап, жел күшейді. Әскери қызметшілерді теңізге алып кеткенін ауыр күрсініспен хабарлаймыз», – деп хабарлады министрлік.
Алдын ала мәлімет бойынша теңізге 19 әскери қызметшіні алып кеткен. Қазіргі уақытта оның тоғызы қаза тапты. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың басшылығымен Қорғаныс министрлігінің комиссиясы шұғыл аттанды.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қаза болғандардың отбасыларына қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетіледі.
Қазақстанның Әскери-теңіз күштері 11 қыркүйектен бастап Каспий теңізінде жаттығу өткізіп жатыр. Министрлік биыл жоспарлы оқу-жаттығу жиындарына запастағы үш мың әскери міндетті тартылатынын хабарлаған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
24 қыркүйек 2026