Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Тұрғын үй кезегінде тұрғандарға қандай қолдау бар?

kz.otyrar.kz

Тұрғын үй кезегінде тұрғандарға қандай қолдау бар?

Қазақ қоғамында кеңінен таралған өмірлік мақсаттардың бірі – жеке пәтердің кілтін алу болғалы қашан. Бұл елімізде баспаналы болудың қаншалықты қиын екенін аңғартса керек. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда миллионға жуық азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың шамамен 459 мыңы әлеуметтік осал топтарға жатады. Ұзын-сонар кезектің көші қоныс тойына жеткенше біраз уақыт өтуі мүмкін. Ал осы мерзім ішінде кезекте тұрған азаматтарға қандай жеңілдіктер қарастырылған? Баспана алуға көмектесетін қандай бағдарламалар бар? Тақырыпты талдап көрдік.

Тұрғын үй кезегіне тұру азаматтың бірден пәтер алатынын білдірмейді. Дегенмен кезекте тұрғандарға баспана мәселесін шешуге бағытталған бірнеше мемлекеттік қолдау тетігі бар. Бірі үй сатып алуға жағдай жасаса, енді бірі жалдау шығынын азайтуға көмектеседі. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, биыл мемлекеттік қолдау есебінен 12,6 мың кредиттік пәтер салу және сатып алу жоспарланған. Бұл мақсатқа 155,5 миллиард теңге қарастырылған. Сонымен қатар 269 миллиард теңгеге 13,5 мың жалдамалы пәтер алу көзделген. Бұдан бөлек, 71,9 миллиард теңгеге тағы 3,5 мың жалдамалы баспана сатып алу жоспарланып отыр.

Жалдамалы баспана қалай беріледі?

Үй сатып алуға әзірге мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін мемлекеттік жалдамалы баспана маңызды қолдау бола алады. Тұрғын үй реформасынан кейін оны бөлу тәртібі өзгерді. Енді пәтер азаматтың кезекке қойылған күні мен отбасының табыс деңгейіне қарай бөлінеді. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, биылғы сегіз айда азаматтарға 12 653 жалдамалы пәтер берілген. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы баспананы кейін жекешелендіруге де мүмкіндік бар. 2024 жылғы желтоқсаннан бері бұл құқықты 20 мыңнан астам азамат пайдаланған. Биылғы сегіз айда 6 824 отбасы пәтерін жекешелендірсе, оның 3 649-ы баспананы өтеусіз негізде алған.

ТАҚЫРЫПША: Ипотеканың екі түрі бар

Кезекте тұрған азаматтардың баспана сатып алуына жеңілдетілген ипотека да қарастырылған. Әлеуметтік осал санатқа жататын және тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтарға 2 пайыздық ипотека беріледі. Бұл санатқа жетім балалар, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жесірлер және бірқатар ардагерлер жатады. Мұнда отбасының табысына да талап қойылады. Әр отбасы мүшесіне шаққандағы табыс 254 255 теңгеден аспауы керек. Биылғы сегіз айда 3 954 азамат осы бағдарлама арқылы баспаналы болған. Ал 2 пайыздық ипотекаға кірмейтін азаматтарға 5 пайыздық ипотека қарастырылған. Бұл бағытта табыс деңгейіне шектеу қойылмайды. Жыл басынан бері 2 252 азамат осы мүмкіндікті пайдаланған.

Алғашқы жарнаға да көмек бар

Ипотека рәсімдеген азамат үшін алғашқы жарна мәселесі де маңызды. Оның бір бөлігін тұрғын үй сертификаты арқылы өтеуге болады. Сертификаттың көлемі 1,5 миллион теңгеге дейін жетеді және оны мемлекетке қайтару қажет емес. Алайда сертификат барлық кезекте тұрған азаматқа берілмейді. Оны кімдер алатынын және нақты мөлшерін жергілікті мәслихаттар белгілейді. Үміткер отбасының әр мүшесіне шаққандағы табысы 157 638 теңгеден аспауы тиіс. Биылғы сегіз айда 2 373 тұрғын үй сертификаты берілген. Олардың жалпы сомасы 2,7 миллиард теңгені құраған.

Жалдау ақысының бір бөлігі өтеледі

Жеке пәтер жалдап тұратын табысы төмен азаматтарға да қолдау қарастырылған. Мемлекет жалдау ақысының бір бөлігін төрт санатқа өтейді. Олар – жетім балалар, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар. Бұл көмекке өтініш беретін отбасының әр мүшесіне шаққандағы соңғы алты айдағы ай сайынғы табысы 50 851 теңгеден аспауы керек. Зейнетақы мен жәрдемақы табыс ретінде есептелмейді.

Қазір мұндай субсидияны 11 200 отбасы алып отыр. Бірақ бағдарлама талаптарын сақтау қажет. Мысалы, пәтерді жақын туыстарынан жалдауға болмайды және субсидия алушы жалға алған үйде өзі тұруы тиіс. Талап бұзылған жағдайда төлем тоқтатылады.

Осылайша, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жалдамалы баспана, жеңілдетілген ипотека, тұрғын үй сертификаты және пәтерақы субсидиясы сияқты бірнеше қолдау түрі ұсынылады. Алайда олардың талаптары әртүрлі. Сондықтан азамат өз санаты мен отбасы табысына қарай тиісті көмек түрін таңдауы керек.

Төлеген Абдрасилов,

«Оңтүстік Рабат» газеті, №39

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
24 қыркүйек 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар