Инватакси: Тіркелген мекенжайға емес, азаматтың қажеттілігіне қарай қызмет көрсету
Қозғалысы шектеулі адам үшін қала ішінде еркін жүрудің өзі үлкен мәселе болуы мүмкін. Ал емделу немесе оңалту мақсатында басқа өңірге барғанда бұл қиындық одан сайын арта түседі. Осындай жағдайда арнайы жабдықталған көлікке қолжетімділік әлеуметтік қызметтің маңызды бөлігіне айналады. Қазақстанда мұндай мүмкіндік инватакси арқылы ұсынылады. Алайда қазір қызметті пайдалануда азаматтың тұрақты тіркелген жеріне байланысты шектеулер бар.
Инватакси – мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ медициналық көрсеткіштер бойынша арнайы көлікке мұқтаж балаларға көрсетілетін әлеуметтік қызмет. Оның басты мақсаты – арба пайдаланатын немесе қозғалысы шектеулі адамдардың емханаға, оңалту орталығына және басқа да қажетті орындарға қауіпсіз жетуіне мүмкіндік жасау. Сондықтан қызметтің қолжетімділігі адамның нақты қай жерде тұрғанына емес, оның қажеттілігіне қарай ұйымдастырылғаны маңызды.
Осы мәселені Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов көтерді. Оның айтуынша, азаматтың инватакси қызметіне құқығы расталған болса, ол басқа қалаға барған кезде де арнайы көлікті пайдалана алуы керек. Қазір адам өз қаласында бұл қызмет арқылы емханаға барып жүргенімен, басқа өңірге емделуге келгенде қайтадан көлік мәселесіне тап болуы мүмкін.
«Басқа қалада оны пайдалану мәселесін қайта шешуге тура келеді. Арнайы жабдықталған көлікке мұқтаж адамға кәдімгі такси жарай бермейді. Сонда емделуге жолдама бар, ал вокзалдан ауруханаға қалай жететіні белгісіз», – деп жазды депутат.
Аймағамбетов бұл тәсілді экстерриториялық қағидат деп түсіндіреді. Яғни, азаматтың инватакси алуға құқығы бір рет расталса, қызметті Қазақстанның басқа өңірінде де пайдалануына мүмкіндік берілуі тиіс. Ол үшін өңірлер арасында мәлімет алмасу, сапарларды есепке алу және қаражат бойынша өзара есеп айырысу тетігін реттеу қажет. Депутаттың пікірінше, бұл міндетті түрде бюджет шығынын көбейтуді талап етпейді, мәселе ең алдымен қызметті тиімді ұйымдастыруда.
Инватакси жүйесін жетілдіруде цифрлық технологияның мүмкіндігі де пайдаланылып келеді. Бұған дейін қызметті ыңғайлы ету мақсатында Астана мен Алматыда такси агрегаторларын тарту бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Оның аясында азаматтар инватакси қызметіне Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы тапсырыс бере алды. Бұл тәсіл көлікті жылдам таңдауға, тапсырыстың мәртебесін онлайн бақылауға және сапарларды есепке алуға мүмкіндік берді. Қосымшада жолаушы өзінің ерекше қажеттіліктерін жүргізушіге алдын ала хабарлай алады. Ал жүргізушілерге жолаушыны көлікке отырғызу және түсіру кезінде қалай көмек көрсету керектігі жөнінде арнайы нұсқаулар беріледі. Яндекс пилоттық жобаға агрегатор комиссиясын алмай, өтеусіз негізде қатысты.
Жобаның сұранысқа ие болғанын көрсететін дерек те бар. 2023 жылы Астана мен Алматыда инватакси қызметі 53,9 мың рет көрсетілсе, кейінгі кезеңде агрегатор арқылы жасалған тапсырыстар саны айтарлықтай өсті. Бұл цифрлық форматтың азаматтарға қызметті алдын ала жоспарлап, көлікті бақылауға мүмкіндік беретінін көрсетті. Аймағамбетов ұсынған бастама заңды түрде күшіне енсе, сондайақ жоғарыда аталған пилоттық жобаны ел аумағында іске асса. Бұл өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруын жеңілдетіп, күнделікті өміріне қолайлы жағдай жасамақ.
Ендігі міндет – осы тәжірибені кеңейтіп, инватаксиді адамның тіркелген жеріне тәуелді емес, ел аумағында қолжетімді қызметке айналдыру. Өйткені азамат басқа қалаға емделуге немесе оңалтуға барғанда оның әлеуметтік қызметке деген құқығы бірге жүруі керек.
Төлеген Абдрасилов,
«Оңтүстік Рабат» газеті, №39
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
24 қыркүйек 2026