Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираз қашан жұдырықтасатыны белгілі болды
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен британдық Хамза Шираз арасындағы көптен күткен чемпиондық жекпе-жектің өткізілу мерзімі нақтыланды. Екі боксшы WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы атағына сарапқа салады.
Жекпе-жек 2026 жылғы 28 қарашада немесе 5 желтоқсанда өтуі мүмкін. Қазір кездесу өтетін орын ретінде Лондон, Бирмингем және Нью-Йорк қалалары қарастырылып жатыр. Нақты күн мен арена кейін бекітіледі.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы кәсіби мансабында 17 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның 12 кездесуінде қарсыласы нокаутпен жеңілген. Ал Хамза Шираздың қоржынында 24 жеңіс, бір тең нәтиже бар. Британдық боксшы 19 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтаған.
Бұған дейін WBO 14 тамызда Жәнібек Әлімханұлын Шираздың міндетті қарсыласы ретінде бекітіп, қос тарапқа келісім жасау үшін 20 күн берген. Алайда белгіленген мерзім ішінде ортақ шешімге келе алмаған соң, жекпе-жекті өткізу құқығы промоутерлік бәссаудаға шығарылды. 16 қыркүйекте өткен бәссаудада Шираздың промоутерлік компаниясы Queensberry Promotions жеңіске жетті. Британдық тарап 1 001 809 доллар ұсынса, Жәнібектің промоутері Top Rank 820 мың доллар ұсынған. Жүлде қорының 75 пайызы, яғни 751 356,75 доллар Ширазға, ал 25 пайызы немесе 250 452,25 доллар Жәнібекке тиесілі болады.
Жәнібек соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың сәуірінде Астанада өткізіп, Анауэль Нгамиссенгені нокаутпен жеңген. Ал Шираз 2026 жылы WBO белбеуін иеленіп, кейін оны бір рет қорғады. Енді екі жеңілмеген боксшының кездесуі чемпиондық атақ үшін өтетін маңызды айқастардың біріне айналмақ.
Төлеген Абдрасилов,
«Оңтүстік Рабат» газеті, №39
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
24 қыркүйек 2026