Қазақстанда фитнес жаттықтырушыларына қойылатын талаптар күшейтілуі мүмкін
Фитнес залында жаттығу бағдарламасын құратын маманның білімі мен тәжірибесі спортпен айналысатын адамның қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Осыған байланысты Қазақстанда фитнес индустриясындағы мамандардың кәсіби деңгейін біріздендіруге бағытталған жаңа талаптар енгізу ұсынылып отыр.
Туризм және спорт министрлігі «Фитнес-клубтардың қызметі» кәсіби стандартының жобасын әзірледі. Құжаттың негізгі мақсаты – саладағы қызметті ретке келтіріп, фитнес-клубтарда көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру. Жаңа стандарт қабылданған жағдайда фитнес саласындағы бірнеше мамандыққа нақты талап қойылады. Олардың қатарында фитнес-нұсқаушы, фитнес-жаттықтырушы, топтық бағдарламалар жаттықтырушысы, шебер-жаттықтырушы, фитнес бағытының әдіскері және фитнес-орталық директоры бар.
Құжатта әр маманның атқаратын жұмысы ғана емес, кәсіби міндеттерді орындау үшін қажет білім мен дағдылар да көрсетіледі. Бұл фитнес мамандарын оқытуға, олардың біліктілігін тұрақты түрде жетілдіруге және кәсіби деңгейін бағалауға негіз қалыптастырмақ. Мәселен, жаттығу залына алғаш келген адамға жеке бағдарлама құру кезінде оның дайындығы мен физикалық мүмкіндігін ескеру маңызды. Ал топтық сабақтарда жаттықтырушы бірнеше адамның жаттығуды дұрыс орындауын бақылауы керек. Сондықтан маманның кәсіби дайындығына ортақ талаптардың болуы фитнес қызметін пайдаланушылар үшін де маңызды.
Министрлік жаңа талаптардың енгізілуін ең алдымен келушілердің қауіпсіздігімен байланыстырады. Өйткені жаттығу кезінде техниканы дұрыс орындамау немесе адамның физикалық мүмкіндігін ескермеу жарақат алу қаупін арттыруы мүмкін. Сондықтан маманның қажетті білімі мен тәжірибесінің болуы маңызды. Кәсіби стандартты әзірлеуге Қазақ ұлттық спорт университеті, Invictus Academy және Champion Fitness School өкілдері атсалысқан. Құжат бірқатар мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен де келісілген.
Жоба іске асса, фитнес саласында жұмыс істейтін мамандардың кәсіби талаптары нақты жүйеге түседі. Сонымен бірге салада мамандарды даярлау мен қайта оқытуға деген қажеттілік артуы мүмкін. Фитнес-клубтар үшін де қызметкерлердің біліктілігін бағалау және кәсіби деңгейін жетілдіру мәселесі өзекті болмақ.
Жаңа стандарт әзірге жоба ретінде қарастырылып отыр. Сондықтан оның нақты қашан күшіне енетіні және талаптардың соңғы нұсқасы кейін белгілі болады.
Төлеген Абдрасилов,
«Оңтүстік Рабат» газеті, №39
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
24 қыркүйек 2026