Әскери қызметшілер қазасынан кейін Бозымбаев бастаған комиссия Ақтауға келді
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия Маңғыстау облысына барды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша комиссия әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу себептері мен мән-жайын анықтайды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Комиссия құрамына Қорғаныс министрі, облыс әкімі, Бас әскери прокурор, Шекара қызметі мен алты министрліктің басшылығы өкілдері кірді.
Комиссия оқиға болған жердегі жағдайды зерделеп, мемлекеттік органдардың бұдан арғы іс-қимылын айқындайды.
«Қаза тапқандардың отбасына қажетті көмек көрсетуге, оқиғаның мән-жайын анықтауға, сондай-ақ тартылған мемлекеттік органдар мен қызметтердің жұмысын үйлестіруге ерекше көңіл бөлінеді. Комиссия өз жұмысын оқиға орнында жалғастырып жатыр», – делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Қорғаныс министрлігінің алдын ала мәліметінше, бұған ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі себеп болған.
Оқиға салдарынан тоғыз әскери қызметші қаза тапқан. Үшеуі құтқарылып, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалған әскери қызметшілерді іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Каспий теңізінде оқу жаттығу кезінде қаза тапқан әскерилер үшін 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
24 қыркүйек 2026