Эль-Ниньо салдарынан аптап ыстық күшейіп, 451 мың адам қаза болуы мүмкін
Эль-Ниньо құбылысының әсерінен 2026 жылғы маусымнан 2027 жылғы ақпанға дейін аптап ыстықтан әлемде әдеттегіден 451 мың адам көп қайтыс болуы мүмкін. Мұндай болжамды Чикаго университетінің жанындағы Climate Impact Lab зерттеу тобы ұсынды, деп хабарлайды Kursiv.media.
Associated Press мәлімдегендей, зерттеушілер аптап ыстықтан болатын өлім-жітімнің болжамды көрсеткішін қалыпты жылдардағы деректермен салыстырған. Есепке маусым айынан бергі кезең де енгізілген. Ал қыркүйек пен ақпан аралығында аптап ыстықтан тағы шамамен 239 мың адам қайтыс болуы мүмкін.
Ең ауыр салдар Сахель аймағында, яғни Сахараның оңтүстігіндегі өңірлерде күтіледі. Қыркүйек пен ақпан аралығында мұнда аптап ыстықтан 66,8 мың қосымша адам өлімі тіркелуі мүмкін. Оның ішінде Нигерияда – 31,4 мың, Индонезияда – 19,3 мың, Үндістанда – 15,8 мың, Бразилияда – 13,3 мың адам.
Зерттеушілер температураның маусымдық болжамын әлемнің 24 мыңнан астам өңіріндегі аптап ыстықтың өлім-жітімге әсері туралы деректермен салыстырған.
Олардың есебінше, алдағы айларда құрлықтағы орташа температура әдеттегіден шамамен 1,2 градусқа жоғары болады. Ал экстремалды ыстық болатын күндердің саны 44%-ға артуы мүмкін.
«Аптап ыстық әсіресе онсыз да ауа температурасы жоғары, ал кондиционер, ауызсу мен медициналық көмекке қолжетімділігі шектеулі елдердегі адамдарға қатты қауіп төндіреді», – деп түсіндірді зерттеу авторларының бірі Майкл Гринстоун.
Зерттеушілер қаупі жоғары ыстық туралы тұрғындарға алдын ала ескертіп, салқындату және ауызсу бекеттерін ашуды ұсынады. Сондай-ақ далада жұмыс істейтін адамдарды қорғап, ауруханаларды науқастар санының артуына алдын ала дайындау қажет деп санайды.
Эль-Ниньо – экваторлық Тынық мұхитының орталық және шығыс бөлігіндегі жерүсті суының шамадан тыс жылынуымен сипатталатын климаттық құбылыс.
Айта кетейік, Тынық мұхитындағы Эль-Ниньо құбылысы күшейіп келеді. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) оның шарықтау шегі 2026 жылдың соңына қарай болады деп болжап отыр.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
24 қыркүйек 2026