Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Астанада жылу беру маусымы қазан айының ортасында басталуы мүмкін

kz.kursiv.media

Астанада жылу беру маусымы қазан айының ортасында басталуы мүмкін

Елордада жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жылудың қашан қосылатыны ауа райына байланысты болады. Қазір Астанада жылу қазан айының ортасында қосылуы мүмкін деп болжанып отыр. Бұл туралы елорда әкімдігі «Курсивке» хабарлады.

Әкімдік мәліметінше, жылу беру маусымын бастау туралы шешім тәуліктік орташа ауа температурасы бес күн қатарынан +10°C деңгейінде сақталған жағдайда қабылданады.

Өткен жылы Астанада жылу беру маусымы 28 қыркүйекте басталған болатын.

Ауа райының айлық болжамына сәйкес, алдағы екі аптада Қазақстанда күн жылынады. Келесі аптаның басында, 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында, Астанада ауа температурасы +14…+18°C-қа дейін көтеріледі.

Ал елордада ауа температурасының +10°C-тан төмендеуі 10 қазанға қарай күтіледі. Осыдан кейін күн одан әрі суытады.

Әкімдік бекіткен талаптарды ескерсек, Астанада орталық жылу жүйесі қазан айының ортасында, шамамен 14 қазанда іске қосылуы мүмкін.

Жылу беру маусымына дайындық аясында Астанада инженерлік желілерге ауқымды жөндеу жүргізіліп, жылу өндіру қуатын арттыру жұмыстары басталған.

2-ЖЭО-да екі қосымша су жылытатын қазандық салынып жатыр. Сонымен қатар Бақыстан ауданы мен сол жағалаудың бір бөлігін жылумен қамту үшін қуаты 620 Гкал/сағ болатын «Тельман» үшінші газ жылу станциясы салынып жатыр.

Коммуналдық қызмет мамандары 7,5 шақырым жылу желісін жөндеп, «Астана-Энергия» нысандарындағы жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізген.

Сонымен қатар елордада электр желілері де жаңғыртылып жатыр. Жоспар бойынша 67 шақырымнан астам электр желісі мен 68 қосалқы станция жөнделеді.

Жаңа мешіт пен Пригородный тұрғын алабын электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету үшін «Қабанбай батыр» қосалқы станциясының құрылысы басталған.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерінде жылу беру маусымы 1 қазанға дейін басталатынын жазған. Ал Павлодар облысында жылу беру 14 қыркүйекте басталған. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов өңірлердегі жылу беру маусымының басталуы ауа райына байланысты болатынын айтқан.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
25 қыркүйек 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар