Қазақстандықтарға жұмысты енді жасанды интеллект ұсынады
Қазақстанда жасанды интеллект көмегімен бос жұмыс орындарын ұсынатын жаңа жүйе арқылы алғашқы 3 мың адам жұмысқа орналасты, деп хабарлайды Kursiv Media Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасай отырып.
Цифрлық жұмыспен қамту қызметі жұмыс іздеушінің білімі, еңбек өтілі мен дағдылары туралы деректер негізінде автоматты түрде түйіндеме қалыптастырады. Одан кейін ЖИ-көмекші адамның тәжірибесіне сәйкес келетін бос жұмыс орындарын іріктеп ұсынады.
Жоба іске қосылған екі айдың ішінде азаматтарға 59 мың жұмыс ұсынысы жіберілген.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаевтың сөзінше, жүйе азаматқа жұмыс іздеуді күтпей-ақ, лайық вакансияларды өзі ұсынады.
«Азаматтың келісімімен оның білімі, еңбек өтілі, негізгі дағдылары мен жеке қасиеттері туралы деректерден цифрлық түйіндеме қалыптастырылады. Осы мәліметтер негізінде нақты адамның дағдыларына сәйкес келетін бос жұмыс орындары ұсынылады. Екі ай ішінде 59 мың хабарлама жіберілді. Бүгінде шамамен 3 мың адам жұмысқа орналасты», – деді ол.
Пилоттық жоба осы жылдың шілдесінен бастап Павлодар және Маңғыстау облыстарында іске қосылған.
Оған соңғы үш айда жұмысынан айырылған азаматтар, жоғары оқу орындары мен колледж түлектері және ресми жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар қатысады.
Азаматқа вакансия туралы хабарлама келгеннен кейін ол бірден өтінім бере алады. Ал жұмыс беруші үміткер туралы ақпаратты жеке кабинетінде көріп, оны сұхбаттасуға шақырады.
Егер жұмыс іздеушінің белгілі бір дағдылары жеткіліксіз болса, жүйе Enbek Skills платформасындағы тегін онлайн курстарды ұсынады.
Жаңа мамандық игергісі келетіндер жұмыс берушінің базасында дуальды оқудан өте алады.
Сонымен қатар ЖИ-көмекші жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару мүмкіндігін де ұсынады. Мұндай жағдайда азаматқа біржолғы төлем және тұрғын үйге қатысты мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік бағдарламалары аясындағы барлық қызмет тегін көрсетіледі.
- Соңғы
- Қыркүйек, 27
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Қыркүйек, 26
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
28 қыркүйек 2026