Шаруаларға 2027 жылғы егіс үшін қаржы ертерек беріледі
Қазақстанда шаруалар келесі жылдың егіс науқанына дайындықты қазірден бастап жатыр. Қазан айынан бастап 2027 жылғы егіс жұмыстарына арналған ерте қаржыландыру жалғасады. Биылдың өзінде көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына 665 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.
Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында 5,8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 665 млрд теңге қаржы алған.
Вице-министрдің айтуынша, қаржының уақытында берілуі шаруаларға техниканы дайындап, қажетті материалдарды алдын ала сатып алуға және маусымдық жұмыстарды тиімді мерзімде жүргізуге мүмкіндік берген.
Қазір фермерлер келесі жылғы егіске қажетті тыңайтқыш пен тұқымды дайындап жатыр. 2027 жылғы егіске 2,3 млн тонна тұқым қажет. Оның қазір 2 млн тоннасы, яғни 90%-ы дайын.
Ал тыңайтқыш енгізу көлемі биыл 2,3 млн тонна деп жоспарланған. Қазір оның 2,1 млн тоннасы енгізілді.
«Егін жинаумен қатар келесі жылғы өнімнің негізін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезекте бұл тыңайтқыш енгізуге, күзгі агротехникалық іс-шараларды жүргізуге және сапалы тұқым қорын қалыптастыруға қатысты», – деді Азат Сұлтанов.
Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы арқылы жалпы құны 288 млрд теңгеге 8,6 мың ауыл шаруашылығы техникасы берілген. Оның ішінде егін жинау жұмыстарына лизинг арқылы алынған 12,7 мыңнан астам трактор мен 2,3 мың комбайн жұмылдырылған.
Министрлік техника паркінің жаңаруы нәтижесінде оның тозу деңгейі 70%-ға дейін төмендегенін мәлімдеді.
Осылайша, биылғы егін науқанымен қатар 2027 жылғы егіске дайындық та басталып кеткен. Қазаннан бастап фермерлерге келесі маусымға қажетті қаржыны алдын ала алу мүмкіндігі беріледі.
Айта кетейік, биыл бірқатар өңірде құрғақшылық байқалғанымен, астық түсімі көпжылдық орташа көрсеткіштен жоғары болуы мүмкін. Қазірдің өзінде елде 19,9 млн тонна астық жиналды, ал майлы дақылдардан 5 млн тоннадан астам рекордтық өнім күтіліп отыр.
- Соңғы
-
-
-
-
-
- Қыркүйек, 28
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
29 қыркүйек 2026