Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Түнгі тәртіпке талап күшейді: Полиция кәсіпкерлерге ескерту жасады

kz.otyrar.kz

Түнгі тәртіпке талап күшейді: Полиция кәсіпкерлерге ескерту жасады

Төбелес, тыныштықты бұзатын келушілер, шектелген уақыттан кейінгі алкоголь сату. Шымкентте полиция қызметкерлері аталған мәселелерін талқылау үшін кәсіпкерлермен кездесті. Дәмхана, мейрамхана және өзге де ойын-сауық орындарының иелеріне өз нысандарындағы тәртіп пен қауіпсіздікке жауапты екені ескертілді. Жиында құқықбұзушылықтың алдын алу және полициямен өзара байланысты нығайту мәселелеріне басымдық берілді.

Құқықбұзушылықтың алдын алу, қауіпсіздікті күшейту және кәсіпкерлермен өзара байланысты нығайту. Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы осындай мақсатта кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастырды. Профилактикалық іс-шара барысында қоғамдық тамақтану орындарында жиі кездесетін заңбұзушылықтар талқыланып, құқықтық сананың деңгейін арттыру және заң талаптары түсіндірілді. Сондай-ақ келеңсіз жағдайлардың алдын алу жолдары сөз болды.

БАУЫРЖАН ӨМІРБЕКОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Кездесудің басты мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу. Бұл – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Бүгінгі жиынға 120-дан астам кәсіпкер қатысты. Біз олардан нысандардың күзетін тиісті деңгейде ұйымдастыруды, бейнебақылау камераларын орнатуды және кез келген құқықбұзушылық туралы полицияға дер кезінде хабарлауды сұрадық. Әсіресе алкогольдік ішімдік ішкен адамдардың салдарынан құқықбұзушылық жиі орын алатын нысандарға баса назар аударылды».

Кәсіпкерлерге алкоголь өнімдерін сатудың белгіленген уақытын және нысандардың жұмыс тәртібін сақтау қажеттігі де ескертілді. Бұл талаптарды бұзу әкімшілік айыппұл салуға, тіпті кәсіпкерлік нысанның қызметін тоқтатуға әкеп соғуы мүмкін. Өз кезегінде кәсіпкерлер күнделікті жұмыс барысында кездесетін мәселелерді ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.

БАҚЫТБАЙ АЛМАСБЕКҰЛЫ, КӘСІПКЕР: «Тамыз айында алкоголь өнімдерін сату уақытына қатысты талапты бұзғаным үшін айыппұл арқаладым. 180 мың теңге көлемінде айыппұл төледім. Осы жағдайдан кейін кешкі сағат 21:00-ден соң алкоголь сатуды тоқтату керектігін түсіндім. Сағат 23:00-ден кейін тіпті сатуға болмайды. Ал түнгі 24:00-ден кейін алкоголь өнімдерін сатуға мүлде рұқсат жоқ»

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара байланысты күшейтуге уағдаласты. Кәсіпкерлер қауіпсіздік шараларын қосымша қолға алуға дайын екенін жеткізсе, полиция қызметкерлері профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жалғастырмақ. Басты мақсат – құқықбұзушылыққа жол бермей, қала тұрғындары мен қоғамдық орындарға келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Темірқанат Арманұлы

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
21 қараша 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар