Саяхатшы Карл Бушби Чили мен Ұлыбритания арасын 28 жылда жаяу жүріп өтті
Британ саяхатшысы Карл Бушби Чили мен Ұлыбритания арасындағы ұзақ жолды жаяу жүріп өтті. Ол саяхатына 28 жыл өмірін арнаған деп жазады Kursiv Media.
Биыл 57-ге толған Бушби саяхатын 1998 жылы бірінші қарашада бастаған. Саяхат кезінде басты екі қағиданы ұстанады: ешқандай көлікке мінбеу және жолды қысқартпай, маршрутты толық жүріп өту.
Саяхатшы 48 мың шақырымнан астам жол жүріп, әлемнің 29 елін кесіп өткен. Карл Чилиден солтүстікке қарай Аргентина, Перу, Эквадор және Колумбия арқылы жүрген. Кейін Панама мен Орталық Америка елдерін, Мексиканы, АҚШ пен Канаданы кесіп өтеді. 2006 жылы француз саяхатшысы Димитри Киффермен бірге мұз үстімен Беринг бұғазынан өтіп, Аляскадан Ресейге жетеді.
Ал сапарының соңғы кезеңде ол Ла-Манш бұғазын 20 сағат бойы жүзіп өтіп, 5 қазанда Ұлыбритания жағалауына шықты. Жағалауда саяхатшыны достары мен туыстары күтіп алды. Олардың арасында, бұрын Ұлыбританияның арнайы жасағында қызмет еткен әкесі Кит Бушби және Карл туралы деректі фильм түсіріп жатқан танымал кинорежиссер Вернер Херцог та болды.
«Ұзақ жылдардан кейін елге қайтып, туған жердің топырағын басу деген ерекше сезім. Қиындықтар көп болды, бірақ соған қарамастан қолымнан көп нәрсе келетінін дәлелдегім келді», – дейді ол саяхаты жайлы.
Бушби 1969 жылы Халле қаласында дүниеге келген. Бала күнінде оған дислексия деген диагноз қойған, сол үшін сыныптастары көп мазақ қылғанын айтады. Оқу бітірген соң әскерге кетіп, 12 жыл десантты әскерде борышын өтейді. Сол жерде жүргенде әлемді жаяу аралап шығу деген ой келеді.
Бастапқыда ол саяхат 12 жылға созылады деп есептеген. Бірақ жолдағы қиындықтар, күтпеген жағдайлар тіпті табиғи апаттар да саяхатын 28 жылға дейін ұзартып жіберген.
Саяхатын бастағанда қалтасында небәрі 500 доллар болған, демеушілер де жоқ еді. Уақыт өте келе саяхаты жайлы Giant Steps атты кітап жазып, соның сатылымынан қаламақы алады. Одан бөлек барған қалаларында дәріс оқып, табыс табады.
2007–2008 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде ол ірі демеушілерінен айырылып қалады. Бірақ кейін жаңа демеушілер пайда болады. Қазір Халл қаласында Карлды оның анасы Анджела асыға күтіп отыр. Ол ВВС тілшісіне берген сұхбатында баласын қақпаның алдында күтіп алатынын айтты.
Оқи отырыңыз: 76 жастағы қазақ саяхатшысы Еуропаны жаяу аралап шықты
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Қазан, 11
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
12 қазан 2026