Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Кім келді, кім кетті: аптаның басты кадрлық ауыс-түйістері

kz.kursiv.media

Кім келді, кім кетті: аптаның басты кадрлық ауыс-түйістері

Қазақстанда 5–11 қазан аралығында орталық мемлекеттік органдар мен өңірлерде бірнеше маңызды кадрлық өзгеріс болды. Аптадағы негізгі ауыс-түйістің көбі қорғаныс және төтенше жағдайлар саласына қатысты. Kursiv Media басты тағайындаулар мен қызметтен кеткендерді жинады.

Айтқұрман Омарбеков Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының бастығы болып тағайындалды.

Ол бұған дейін Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы қызметін атқарған.

Омарбековтің орнына Азамат Хасенов Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы болып тағайындалды.

Құрылтай депутаты болған Татьяна Савельева Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды.

Савельева бұған дейін Қаржы министрлігінде жұмыс істеп, 2016–2023 жылдары қаржы вице-министрі болған. Кейін Мәжіліс пен Құрылтай депутаты қызметін атқарды. Ол Қазақстан тарихында қорғаныс ведомствосы басшылығына келген екінші әйел болды.

10 қазанда Саят Исанов Қазақстан Қарулы Күштері Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды.

Бұл қызметті бұған дейін қазіргі Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов атқарған.

Марғұлан Аманбаев Төтенше жағдайлар министрлігі аппаратының басшысы болып тағайындалды.

Ол бұған дейін Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментін басқарған.

Сонымен бірге Үкімет Батырбек Әбдішевті төтенше жағдайлар вице-министрі, Айдар Әбілдабековті сауда және интеграция вице-министрі қызметінен босатты.

Айдар Жарылғанов Әділет вице-министрі болып тағайындалды.

Ол бұған дейін Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқықтық бөлімін басқарған.

Ал сол бөлімнің жаңа меңгерушісі болып бұрынғы Әділет министрі Азамат Есқараев тағайындалды.

Сыртқы істер министрінің бұйрығымен Ырысқали Дәуренбек «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті болып тағайындалды.

Берген Жұмкей Ақмола облысы Астрахан ауданының әкімі болып тағайындалды.

Ол бұған дейін Қосшы қаласы әкімінің орынбасары болған.

Құрылтай Жоғарғы Соттың алты судьясын қызметінен босатты. Марина Боровик, Нұржан Қайыпжан, Валерий Ноздрин және Мәдениет Омарбекова отставкаға кетсе, Сәкен Абдолла мен Аслан Түкиев басқа қызметке ауысуына байланысты лауазымынан босатылды.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
12 қазан 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар