«Яндекс» жұмысы қашан қалпына келеді және шоттағы ақшаға не болады
«Яндекс» сервистеріндегі ақаудан кейін шоттардағы ақшаға қатысты мәлімдеме жасады
«Яндекс Пэй» сервисінің жұмысында ақаулар күшейіп, пайдаланушылардың шоттары мен ақша аударымдарына қол жеткізуі қиындады. Компания ақшаның қауіпсіз екенін мәлімдегенімен, сервистердің қашан толық қалпына келетіні әзірге белгісіз. Kursiv.Media.
Бұған дейін дрон шабуылдары салдарынан компанияның Сасово мен Калуга қалаларындағы инфрақұрылым нысандары істен шыққан.
«Яндекс» компаниясының финтех бағытының жетекшісі Дмитрий Пирогов шұғыл мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, шоттарды пайдалану мен ақша аударымдарын жасау мүмкіндігі қашан толық қалпына келетінін компания әзірге нақты айта алмайды.
«Ең алдымен, ең маңыздысын айтайын: ақшаларыңыз қауіпсіз. Ақшаның өзі деректер орталығында сақталмайды. Онда сервистердің жұмысын қамтамасыз ететін серверлер орналасқан. Әр шот туралы деректер бірнеше нысанда көшірмеленіп сақталады. Біз олардың бүтіндігін тексердік, бірде-бір жазба жоғалған жоқ», – деп сендірді ол.
Инженерлер тобы сервистердің жұмысын қалпына келтіру үшін үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Алайда Пирогов ақаулардың қашан толық жойылатынын әзірге айта алмайды.
«Өкініштісі, сервистердің қашан толық қалпына келетінін әзірге нақты айта алмаймын. Команда сервистерді қалпына келтіруді жалғастырып, әр қадамды тексеріп жатыр. Әңгіме сіздердің ақшаларыңыз туралы болғандықтан, біз үшін «Яндекс Пэй» жұмысын мүмкіндігінше тез қалпына келтіру ғана емес, оның сенімді жұмыс істейтініне көз жеткізу де маңызды», – деді ол.
Айта кетейік, 11 қазанда Қазақстанда Yandex Go сервисінің жұмысында ақау тіркелді. Бұл жағдай Ресейдегі «Яндекс» дата-орталықтарына жасалған дрон шабуылдары туралы хабарлармен тұспа-тұс келді.
Осыған орай Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «Яндекс» сервистерінің жұмысындағы ақауға қатысты мәлімдеме жасады. Ведомство қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректерін сақтайтын серверлер ел аумағында орналасқанын және қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Қазан, 11
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
12 қазан 2026