Огай мен Жұманбаевқа тиесілі көмір компаниясының таза пайдасы екі есе азайған
Огай әулеті мен Владимир Жұманбаевқа тиесілі «Қаражыра» көмір компаниясының таза пайдасы екі есе азайған. 2025 жылғы қаржы қорытындысына сәйкес, таза пайдасы 3,9 млрд теңгені құрады. Бұл 2024 жылғы 7,4 млрд теңгемен салыстырғанда шамамен 47%-ға аз, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Таза пайданың азаюына әлемдік нарықта көмірдің арзандауы және өнімді жөнелту көлемінің 13%-ға азайып, 6,3 млн тоннаға дейін түсуі себеп болды.
Дегенмен, компанияның жылдық түсімі 74 млрд теңге деңгейінде қалып, өзінің тұрақтылығын сақтап қалды.
Қаржылық құрылым бойынша компанияның қысқа мерзімді активтері 38 млрд теңгеден 27 млрд теңгеге дейін азайғанымен, таза активтері 18%-ға өсіп, 29 млрд теңгеге жетті. Соның нәтижесінде бір акцияның баланстық құны 23 мың теңгеден 27 мың теңгеге дейін көтерілді.
Сонымен бірге қысқа мерзімді міндеттемелер де 30 млрд теңгеден 22 млрд теңгеге дейін қысқарды. Мұндай оң динамикаға орналастырылған облигациялардың бір бөлігін мерзімінен бұрын сатып алу және қарыз міндеттемелерін 18 млрд-тан 12 млрд теңгеге дейін азайту әсер етті.
Компанияның акционерлік капиталы 1 миллион жай акциядан тұрады және 5 жеке тұлғаның арасында бөлінген. Олар: Владислав Огай (25%), Элина Огай (25%), Эдуард Огай (20%), Владимир Жұманбаев (20%) және Ерлан Нығматулин (10%).
«Қаражыра» кенішінен өндірілетін Д маркалы тас көмірге сұраныс жоғары. Өндірілген көмірдің негізгі бөлігі (85–90%-ы) ішкі нарыққа: ЖЭО-лар, коммуналдық сектор және зауыттарға бағытталады. Ал қалған 1 млн тоннаға жуығы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты жақын шетелдерге экспортталады.
Әлемдік нарықта көмір бағасының арзандауы компанияның табысына кері кері әсерін тигізді. Бұдан бөлек, кеніштегі өндірістік жарақат алу қаупінің жоғары болуы мен білікті мамандардың жетіспеушілігі жұмыс барысын қиындатады.
Сондай-ақ сыртқы санкциялар мен теміржол тасымалының қымбаттауы өнімді жеткізуді қиындатса, монополияға қарсы мемлекеттік талаптар бағаны өз бетінше белгілеуге шектеу қояды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
29 қыркүйек 2026