Павлодарда кәсіпкерді өлтірген ер адам 15 жылға сотталды
Павлодар облысында 52 жастағы кәсіпкер Асұлан Нұрмағамбетовті өлтірді деген күдікті ер адамға сот үкімі шықты. Сот оны 15 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Сот мәліметінше, оқиға 2025 жылғы 21 ақпанда Павлодардағы Академик Марғұлан көшесінде болған. Кәсіпкер күдіктімен кездесіп, 84 млн теңге қарызын уақытында қайтара алмайтынын айтып, мерзімін ұзартуды сұраған.
Кейін екеуі ауланың аумағындағы авто тұраққа барған. Сол жерде қарызға байланысты жанжал шығып, сотталушы аңшылық пышақпен кәсіпкерге кемінде 22 рет соққы жасаған. Нұрмағамбетов алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапқан.
Қылмыс жасағаннан кейін ер адам Ресейге қашып кеткен. Кейін ұсталып, Қазақстанға жеткізіліп, сот алдында жауап берген. Оның кінәсі куәгерлердің жауабы, сараптама қорытындылары және басқа да дәлелдермен расталған.
Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының кінәсін ішінара мойындағанын, өкінгенін және екі кәмелетке толмаған баласының барын ескерген. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Жәбірленушілердің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды.
Айта кетейік, осыған дейін Қостанайда 44 млн теңгеден астам қаражат жымқырған кәсіпкер әйел сотталған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
30 қыркүйек 2026