Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Теңіздегі үлес 35%-ға қашан өсуі керек: сарапшы тиімді сценарийді атады

kz.kursiv.media

Теңіздегі үлес 35%-ға қашан өсуі керек: сарапшы тиімді сценарийді атады

Мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов Теңіз кен орны бойынша келісім ұзартылған жағдайда ҚазМұнайГаздың Теңізшевройлдағы үлесін 35%-ға дейін қашан ұлғайту маңызды екенін есептеп шықты. Kursiv Media сарапшының осы ірі келісімнің сценарийін саралап көрмек. Оның бағалауынша, үлесті тек 2033 жылдан кейін беру Қазақстан үшін әлдеқайда тиімсіз болуы мүмкін.

Жұмағұлов есебінде мына бастапқы деректерді қолданған:

Сонымен бірге есепте бірқатар белгісіз көрсеткіш бойынша болжам жасалған. Мұнай бағасы барреліне $75, жылдық амортизация орта есеппен $8 млрд деп алынған. Ал 2028 жылдан кейін мұнай өндіру көлемі жыл сайын 5–10% төмендеуі мүмкін деген сценарий қарастырылған.

Осы болжамдар негізінде 2026–2033 жылдары ТШО-ның жиынтық таза пайдасы шамамен $48,5 млрд болуы мүмкін.

Егер ҚазМұнайГаздың үлесі қазіргі 20%-дан 35%-ға дейін, яғни тағы 15 пайыздық тармаққа өссе, сол қосымша үлеске тиесілі таза пайда 2026–2033 жылдары шамамен $7,3 млрд болуы ықтимал.

Бұған қоса, ТШО-да қазірдің өзінде жиналған $29,52 млрд бөлінбеген пайда бар. Оның 15%-ы шамамен $4,4 млрд болады.

Осы есепке сүйенсек, ҚазМұнайГаз ТШО-дағы үлесін неғұрлым ерте ұлғайтса, соғұрлым көбірек қаржы ағынына ие болады. Бұл есепке мемлекетке төленуі мүмкін $10 млрд біржолғы төлем кірмеген.

Жұмағұловтың пікірінше, егер серіктестер ҚазМұнайГаздың үлесін 35%-ға дейін тек 2033 жылдан кейін арттыруды ұсынса, мұндай шарттың экономикалық құны әлдеқайда төмен болады. Себебі ҚМГ қазіргі келісімнің қалған мерзіміндегі дивидендтер мен басқа да бөлінетін қаражаттан қағылады.

Сондықтан сарапшы жаңа келісімде $10 млрд төлеммен қатар, ҚМГ үлесінің нақты қай күннен бастап 35%-ға өсетіні де көрсетілуі керек деп есептейді.

Әдетте мұндай ірі келісімдерді ұзарту қолданыстағы шарттың аяқталуына шамамен бес жыл қалғанда талқылана бастайды. Жұмағұловтың пікірінше, үлесті ұлғайтудың қолайлы мерзімі — 2029 жыл.

Бұл жағдайда қазіргі серіктестер өз үлесінің белгілі бір бөлігін ҚазМұнайГазға өткізуі керек. Сарапшы келтірген есеп бойынша, Chevron үлесін шамамен 10 пайыздық тармаққа, ExxonMobil — 5 пайыздық тармаққа, ал LUKArco — 1 пайыздық тармаққа азайтуы мүмкін.

Жұмағұлов ҚМГ үлесін ұлғайтуды 2033 жылдан кейінге шегерудің тағы бір тәуекеліне назар аударады. Оның пікірінше, қазіргі серіктестер бірқатар ірі күрделі жобаны келісім мерзімінің соңына қарай ығыстыруы мүмкін.

Ал Теңізде алдағы уақытта елеулі инвестиция қажет ететін жобалар бар. Соның бірі — NERP жобасы, оның аясында кен орнының солтүстік-шығыс бөлігінде 30-дан астам жаңа ұңғыма бұрғылау қарастырылған.

Бұдан бөлек, резервуарлар мен сыйымдылықтарды жаңарту қажет. Кешенді технологиялық желі нысандарының бір бөлігі де ескіріп келеді.

Сарапшының бағалауынша, 2033 жылдан кейін Теңізде өндірудің механикаландырылған тәсілдеріне, соның ішінде сорғыларды пайдалануға көшу, сондай-ақ қабатқа су айдау қажеттілігі туындауы мүмкін. Мұның бәрі қосымша күрделі шығынды талап етеді.

Жұмағұловтың пікірінше, Қазақстан үшін ең тиімді сценарий — $10 млрд-ты ТШО шығындарының есебінен емес, оның қазіргі серіктестерінің қаражаты есебінен жеке төлем ретінде алу.

Сонымен бірге ҚазМұнайГаздың ТШО-дағы үлесі келісімге қол қойылған сәттен бастап 35%-ға дейін ұлғайып, компания болашақ дивидендтерге ғана емес, бұрын жиналған бөлінбеген пайданың да тиісті бөлігіне құқық алуы керек.

Ал қосымша 15% үлесті тек 2033 жылдан кейін беру ҚМГ-ны қолданыстағы келісімнің қалған мерзімінде түсетін елеулі қаржы ағынынан айыруы мүмкін.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
30 қыркүйек 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар