Мұнай, инвестиция, жаңа нарықтар: Оман сұлтанының сапары Қазақстанға не береді
Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңін айқындады. Отыз бес жылға жуық қалыптасқан байланыстар енді энергетика, инвестиция, көлік-логистика және басқа да экономикалық бағыттардағы нақты жобалармен толықпақ.
Сапардың деңгейі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оман Сұлтанын жеке өзі қарсы алып, келіссөздерді жоғары деңгейде өткізуінен де байқалды. Президент екі ел арасында «қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығару үшін орасан зор әлеует барын» атап өтті.
Қазақстан мен Оманның ынтымақтастығындағы негізгі бағыттардың бірі – энергетика. Сапар кезінде «Дунга» кен орнына қатысты маңызды келісімге қол қойылды. Сонымен қатар QazaqGaz бен OQ Exploration and Production мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықтың негіздерін айқындады.
Бұл Оманның Қазақстандағы энергетикалық жобаларға қызығушылығының сақталып отырғанын көрсетеді. Бұған қоса, екі ел энергетикамен қатар инвестиция, логистика, ауыл шаруашылығы, IT, денсаулық сақтау және фармацевтика салаларындағы байланысты кеңейтуді көздеп отыр.
Қазақстан мен Оман арасындағы бірлескен инвестициялық портфельге жалпы құны 3 млрд доллар болатын бес ірі жоба кіреді. Оның ішінде энергетика және теміржол тасымалы салаларындағы құны 1,1 млрд доллар болатын екі жоба іске асқан. Ал кен өңдеу бағытындағы жобалар қазір жүзеге асырылып жатыр.
Оманның Қазақстан үшін ерекшелігі – оның географиялық орналасуында. Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық бағыттардың тоғысында орналасса, Оман теңіз арқылы Парсы шығанағы, Үнді мұхиты және Африка нарықтарына шыға алады.
Оман Сұлтаны да осы артықшылыққа тоқталды.
«Сіздің елдеріңіз Азия мен Еуропаны байланыстыратын негізгі әлемдік сауда дәліздерінің бойында орналасқан, ал Оман Парсы шығанағы, Үнді мұхиты және Африка нарықтарына тікелей теңіз жолын қамтамасыз етеді. Біздің артықшылықтарымызды біріктіру өсім үшін орасан зор мүмкіндіктер ашады», – деді Хайсам бен Тариқ Әл Саид.
Қазақстан үшін Оман теңіз бағыттарына және жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігі болса, Оман үшін Қазақстан – Орталық Азиядағы маңызды серіктес әрі Еуропа мен Азия арасындағы сауда жолдарының бір бөлігі.
Сапар аясында «Самұрық-Қазына» мен Oman Investment Authority бірлескен кәсіпорын құру және Омандағы Blue City ірі жобасын іске асыру шарттары бойынша құжат алмасты.
Бұдан бөлек, тараптар бірлескен инвестициялық қор құруға, Solidcore жобаларын дамытуға және туризм саласындағы жобаларды іске асыруға ерекше мән беріп отыр.
Президенттің өзі де инвестициялық жобалардың орындалуына ерекше назар аударды.
«Біз бірқатар жобаны табысты жүзеге асырып жатырмыз және олардың барлығы менің жеке бақылауым мен мониторингімде болады. Алдағы уақытта екіжақты ынтымақтастықта жаңа елеулі нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Екі елдің қаржы министрліктері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Еуразиялық даму банкі Оманға шығу шарттарын келісті. Ал «Атамекен» мен Оманның Сауда-өнеркәсіп палатасы Қазақ-Оман іскерлік кеңесін құру туралы уағдаласты.
Бұл келісімдер мемлекетаралық байланыстарды бизнес деңгейінде де күшейтуге мүмкіндік береді.
Жалпы, Оман Сұлтанының сапары Қазақстан мен Оман арасындағы қатынастардың энергетикамен шектелмейтінін көрсетті. Тараптар инвестициядан бастап логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, фармацевтика және туризмге дейінгі бірнеше бағытта бірлескен жобаларды дамытуға ниетті.
Cонлай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтанын Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Мемлекет басшысы бұл шешімнің Қазақстан мен Оман арасындағы достық пен стратегиялық әріптестікті нығайтуға қосқан үлесіне байланысты қабылданғанын айтты.
Өз кезегінде Оман Сұлтаны Қазақстан Президентіне Сұлтанаттың ең жоғары мемлекеттік наградасы – Әл-Саид орденін табыстады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
6 қазан 2026