Францияда оқушылар наразылығы күшейді: Макрон министрлермен кездеспек
Франция президенті Эмманюэль Макрон елдегі оқушылар наразылығының күшеюіне байланысты министрлермен кездесу өткізеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
БАҚ ақпаратына сүйенсек, Елисей сарайындағы жиынға премьер-министр Себастьен Лекорню, ішкі істер министрі Лоран Нуньес және ұлттық білім министрі Эдуар Жеффре қатысады.
6 қазанда өткен наразылық шараларына оқушылармен бірге ата-аналар, мұғалімдер, студенттер және кәсіподақ өкілдері қатысты. Union étudiante ұйымы акцияларға 450 мың адам шыққанын хабарласа, Ішкі істер министрлігі қатысушылар санын 256 мың деп бағалады.
Білім министрлігінің мәліметінше, сол күні Франциядағы 891 лицейде сабақ толық немесе ішінара тоқтаған. Наразылық білдірушілер оқу орындарының жағдайын, сыныптардың толып кетуін, ауыр оқу кестесін және мұғалімдердің жетіспеушілігін сынға алып отыр. Сондай-ақ, олар жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесіндегі теңсіздікке наразылық білдірген.
Шеру барысында оқушылар арасында жарақат алғандар да бар. Премьер-министр кеңсесінің мәліметінше, наразылық басталғалы 215 оқушы зардап шеккен. Бұған дейін Тур қаласында 16 жастағы оқушы бір көзінен айырылса, Ланста 15 жастағы жасөспірім граната жарылысынан қолынан жарақат алған.
Премьер-министр Себастьен Лекорню наразылықты полицияның күшпен басуына қатысты биліктен ешқандай саяси нұсқау болмағанын мәлімдеді. Ол жағдайдағы бірқатар жарақатты жазатайым оқиғалармен байланыстырды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
6 қазан 2026