Бішкек Арена: Қырғызстанның ең қымбат жобасының ашылу салтанаты қалай өтті
Бесінші қазанда Қырғызстанда Орталық Азиядағы ең үлкен стадион Бішкек Аренаның ашылуы өтті. 51 мың адамға лайықталған спорт кешенінде жеті сағатқа созылған үлкен концерт қойылды, оған қазақ жұлдыздарды да шақырылды деп жазады Kursiv Media.
Жаңа ұлттық стадион Бішкектің оңтүстік батысына қарай «Өрік» ауылында орналасқан. Бұған дейін 31 тамызда мұнда «Көшпенділер ойындарының» ашылу салтанаты өткен еді. Арада бір ай салып, стадионның ресми түрде ашылуы ұйымдастырылды.
Кaktus Media тілшісінің жазуынша, концерттік бағдарлама шамамен кешкі сағат алтыларда басталды. Алғашқылардың бірі болып сахнаға жергілікті әртістер шығып, өнер көрсетті. Кешкі сағат 19:00-де ел президенті Садыр Жапаров сөз сөйледі. Ол президенттікке келгелі бері ел дамуындағы жетістіктерін атап өтіп, 2028 жылға қарай мектептер мен ауруханалар жетіспеушілігіне қатысты мәселе толық шешіледі деп уәде берген.
Президент сөзінен кейін салтанатты шара әрі қарай жалғасты. Сахнада этно шоу қойылып, Қырғызстан мен Ресейдің және өзге елдердің әртістері өнер көрсетті. Олардың арасында қазақ жұлдыздары да бар. Ninety One, Yenlik, «Ирина Кайратовна», мен «Дос-Мұқасан» тобы ән салды. Бір күн бұрын ғана Алматыдағы Орталық стадионда концерт берген Қайрат Нұртас та қонақ болды.
Дәл сол Орталық стадионда екі күн концерт қойған Садраддинды да шақырған. Әншіге қатысты қызық жайт болды. Ол ән салып жатқан кезде оператордың сахна шетіне жақындап қайғанын байқап, белгі береді. Тіпті алға ұмтылғанымен тек камераны ғана ұстап үлгерді, оператор сахнаның ар жағына құлап кетеді.
Жас әншімен болған жайттың видеосы желіде кеңінен тарап кеткен. Қырғыз көрермендері тез қимылдап үлгерген жұлдызға ризашылығын білдіріп жатты. Кейінірек қолданушылардың бірі оператордың дін-аман екенін жазды.
Дегенмен желіде көпшілігі концерттік бағдарламаның ұзаққа созылғанына шағымданып жатыр. Шоуға қатысқан әншілер, этно бағдарлама тым көп болғандықтан шара ұзаққа созылған.
Сахнаға ең соңынан кештің басты қонақтары ретінде америкалық рэпер мен диджей Redfoo және LMFAO-дан Party Rock Crew шықты. Бірақ тым ұзақ концерттен шаршаған, тоңған көрермендер ерте қайтып кетіп, хэдлайнерлер жартылай бос залда өнер көрсетті. Жалпы концерт түнгі бірде аяқталды.
Енді жаңа аренада 18 қазанда Шакираның жеке концерті өтуі керек.
Оқи отырыңыз: Шакира Қазақстанға келмейді: әнші Орталық Азия бойынша Бішкекте ғана концерт береді
Бішкек Арена ел бюджетінt үлкен салмақ салған жобаның бірі саналады. Бастапқыда стадион 30-35 мың адамға лайықталып, 60 млн долларға салынуы керек еді. Бірақ президент баспасөз хатшысы Асқат Алагөзовтың сөзінше, Садыр Жапаров жобаны тұтас өзгерткен. Ол стадионды қырғыз киіз үйі формасында салып, өзін ақтау үшін ішіне үлкен коммерциялық аумақ орнатуды тапсырады. Нәтижесінде стадион сыйымдылығы 51 мың адамға дейін ұлғайып, құны 386 млн долларға дейін жетті.
Жалпы стадион сегіз қабаттан тұрады, биіктігі 70 метрге дейін жетеді. 194 248 шаршы метр аумақты алып жатыр.
Бішкек Арена Орталық Азиядағы ең ірі стадиондардың бірі саналады. Одан кейінгі орында Түркіменстандағы Олимпиада стадионы (45 мың орын), үшінші орында Өзбекстандағы «Пахтакор» стадионы (35 мың орын) тұр.
Қазақстандағы ірі стадиондардың бірі Астана Аренаға 30 мың адам сыяды. Ал Алматыдағы Орталық стадион 23 мың көрерменге лайықталған.
Дегенмен ең ірі стадиондар рейтингі келесі жылы қайта жаңаруы мүмкін. Өзбекстанда 100 млн долларға жаңа стадион салынып жатыр. Жаңа арена 55 мың көрерменге арналған. Соңғы мәліметке сай, құрылыс жұмыстарының жартысынан астамы орындалды. 2027 жылы аталған аренада фуболдан 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты (U-20 FIFA World Cup) өтеді деген жоспар бар.
Алматыда да жаңа стадионнан кенде қалмайды. Әкімдік биыл 45 мың орындық ұлттық стадионның концепциясын таныстырды. Спорт кешені 2028 жылы пайдалануға берілуі керек.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
6 қазан 2026