Алматыда жылу қашан берілетіні белгілі болды
Алматыда жылыту маусымы биыл 9 қазанда басталады. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Басқарманың мәліметінше, ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты қала әкімі Дархан Сатыбалды жылыту маусымын әдеттегіден ертерек бастау туралы шешім қабылдаған.
Ең алдымен жылу әлеуметтік нысандарға беріледі. Олардың қатарында балабақшалар, мектептер және медициналық мекемелер бар. Ал тұрғын үйлерді жылуға қосу 10 қазаннан бастап жоспарланып отыр.
Жылу берілгеннен кейін ПИК және МИБ мамандары үйлердің ішкі жүйелерін реттеуі керек. Атап айтқанда, радиаторлар мен тік құбырлардағы ауа шығарылып, жүйедегі қысым реттеледі. Бұл пәтерлердің біркелкі жылынуын қамтамасыз ету үшін қажет.
Алдағы жылыту маусымында «Алматы жылу желілері» кәсіпорнының 16 апаттық және жөндеу бригадасы кезекшілік атқарады. Оған жалпы 220 маман мен 56 арнайы техника жұмылдырылмақ.
Айта кетейік, Қазақстан бойынша Семей қаласында ғана жылу желілері уақтылы дайын болмай шықты. Осыған байланысты премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысы әкімінің орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
6 қазан 2026