«Колесниковтың ісі»: 22 жылдан 24 жылға дейін жаза сұралды
Шымкентте 40 жастағы еркін күрес шебері Василий Колесниковтың өліміне қатысты іс жарыссөзге жетті. Прокурор 6 сотталушыны 22 жылдан 24 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушылар айыппен ішінара келіседі.
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында дүйім жұртты дүр сілкіндірген 40 жастағы еркін күрес шебері Василий Колесниковтың өліміне қатысты іс жарыссөзге жетті. Прокурор сотта жауап беріп жатқан 6 айыпталушыны 22 жылдан 24 жылға дейін түрмеге жабуды сұрады.
Сотта жәбірленуші ретінде 3 адам танылған. Олардың бірі – Василий Колесниковтың әкесі Александр Колесников. Жәбірленушілер айыпталушыларға кешірім бергенімен, прокурордың сөзімен келіседі.
Айыпталушы ретінде Мақсұт Арысбаев, Әлихан Ерімбет, Рауан Іңкәрбеков, Дархан Қызбалаев, Бекасыл Жұманазар, Жанділдә Қуандыков жауап беріп жатыр. Тағы бір күдікті Марат Дауласовқа халықаралық іздеу жарияланған. Сонымен қатар «Баха» есімді адамның жеке басы анықталмаған. Олар Қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен айыпталған. Оның ішінде адам ұрлау және адамды ерекше қатыгездікпен қасақана өлтіру бабы бар. Айыпталушылар кінәсін ішінара мойындағанымен, прокурормен келіспейді. Олар нақты дәлелдемелер жоқ, іс болжамнан құралған деп санайды.
Еске салайық, оқиға қаңтар айында қаланың Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған. Айыпталушылар жол апатын қасақана ұйымдастырып, Колесников пен оның қасындағы екі адамға шабуыл жасаған. Колесниковты күштеп көлікке отырғызып, қала сыртына алып кеткен. Сотта оны қинап өлтіріп, Ордабасы аудандық ауруханасының автотұрағына тастап кеткені айтылды. Ал оның жанында болған Мақсат Көшкенбаев пышақтан ауыр жараланып, өлім аузынан аман қалған. Ол қазір моральдық және материалдық шығын ретінде сотталушылардан 204 миллион теңге өтемақы талап етіп отыр.
Дилара Иса
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
6 қазан 2026