"Мен бесте, ол 20-да": Желі қолданушылары зорлық оқиғасын айтып жатыр
АҚШ-та әлеуметтік желіде зорландым деген бойжеткенді қолдау мақсатында жаңа акция тарап жатыр. Желі қолданушылары #IamJaneDoe деген хэштегпен өздерінің зорлық көргенін жазып жатыр. Бұл акцияда қазақ әйелдерінің оқиғалары да бар деп жазады Kursiv Media
Мәселенің мән-жайы
2026 жылы 16 қыркүйекте 22 жастағы бойжеткен Корнелл университетінің жеті студентіне қатысты арыз түсірді. Ол жеті жігітті топтық зорлық жасады деп айыптап отыр. Істе бойжеткеннің есімі жасырынып, Джейн Доу деп көрсетілген, ол да Корнелл университетінің студенті болған. Доудың жазуынша, 2024 жылы Chi Phi атты студенттік бауырластыққа, досына қонаққа келеді. Сол жерде бірге ішімдік ішкен. Артынан өзге студенттер оны наша қабылдауға мәжбүрлеп, соңынан жыныстық қатынасқа итермелеген көрінеді.
The New York Times жазуынша, бойжеткен университет полициясына арыз түсіреді. Нью-Йорк штаты, Томпкинс округының прокуроры Мэттью Ван Хаутен дәлел жеткілікті емес екенін алға тартып, істі қараудан бас тартады.
Кейінірек Корнелл университетінің басшылығы ішкі тексеріс жүргізіп, кей студенттерді оқудан шығарғанын, ал Chi Phi бауырластығын жапқанын жазды.
Биыл қыркүйекте Джейн Доу тағы да арыз түсірді. Бұл жолы оның оқиғасы желіде кеңінен тарап, көбірек назар аудартып отыр.
#IamJaneDoe
Желі қолданушылары бойжеткенді қолдау үшін #IamJaneDoe хэштегімен түрлі жазбалар шығара бастады. Оның ішінде басым көпшілігі өзінің зорлық көргенін, ерлер тарапынан сексуалды харрасментке ұшырағанын да жазған.Хэштег ағылшын тілінде жазылып, ағылшын, испан тілді аудиторияда кең тараған еді. Кейінірек бұл трендке қазақ қыздары да қосыла бастады. Кейбірі жасөспірім шақта, ал бірі тіпті бала кезінде ағасынан, әкесінен, атасынан зорлық көргенін жазады.
«I am Jane Doe. Менің есімім Назым, оның есімі Ерасыл. Мен сегізде едім, ол 14-те болған, менің ағам»
«Мен бесте, ол 20-да едім. Ауылдағы көрші, он шақты рет болды. Соңында үлкен дәрет ұстай алмайтын дәрежеге жетіп, әжеме айттым. Дау болып, артынан мені қалаға үйіме жіберді. Психотерапевтке 20 жасымда бардым. Себебі түнде жаман түс көріп, ұйықтаудан қалдым. Бір терапиядан соң ауылға жолым түсіп, оның «сыбағасын берген соң» ғана ұйқым тынышталды. Қазір ол түрмеде (маған қатысы жоқ себептермен).
«Менің есімі Перизат. Маған 17, ал ол 48-де еді. Мешіт имамы болған. Қазір мен 24-ке келдім, енді үнсіз қалғым келмейді.
«Менің есімім Арай. Мен он үште, ол отызда еді. Менің әпкемнің күйеуі, жездем. Қазір мен 38-ге келдім, енді үнсіз қалғым келмейді», – деген тәрізді жазбалар көп.
Трендке қатысушылардың арасында белгілі құқық қорғаушы Ләззат Рақышева да бар. Ол «Human Rights Lawyers» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы. Ләззат алты жасында 18 жастағы Қанат есімді көршісінен зорлық көргенін жазады.
«Қатты ауырсыну мен қорқыныштан есімнен танып қалдым. Үнсіз жылап, тіпті қимылдауға да қорықтым. Сол күні балалық шағым тоқтады», – дейді ол жазбасында.
Белгілі блогер Роза Әшірбаева да трендке үн қосып, жасөспірім шағында сексуалды харрасментке тап болғанын жазады.
Бұл тренд 2017 жылы әлемдік акцияға айналған #Metoo қозғалысына ұқсайды. Сол кезде ондаған актриса Голливудтың белгілі продюсері Харви Вайнштейнге қарсы ондаған актриса жыныстық қысым жасады деген айып таққан. Осы істен кейін актриса Алисса Милано X желісінде жыныстық зомбылыққа тап болған барлық әйелдерге «Me Too» хэштегімен өз басынан өткенді жазуды ұсынды. Алғашқы 24 сағаттың ішінде бұл хэштег жарты миллионнан астам рет қолданылып, трендке шыққан еді.
Оқи отырыңыз: «Ажырассам да, ұрып кетеді»: тұрмыстық зорлық құрбандарының оқиғасы (видео)
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
5 қазан 2026