Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Заң талабы мен бала мүддесі: Алматыда 200 ерекше бала мектепсіз қалуы мүмкін

kz.kursiv.media

Заң талабы мен бала мүддесі: Алматыда 200 ерекше бала мектепсіз қалуы мүмкін

«Менің балам мемлекеттік мектепте оқи алмайды», «оқу жылы басталмай жатып, баламды мектепсіз қалдырып отыр». Ерекше бала тәрбиелеп отырған бір топ ата-ана бүгін осындай шағыммен жиналды. Олардың сөзінше, мемлекет ерекше балалар оқып жүрген «Педагогтар академиясы« білім орталығын қаржыландыруды тоқтатпақ. Ал әкімдік өкілдері мектеп директорын заңсыз әрекет етіп отыр деп кінәлайды. Kursiv Media тілшісі екі тарапты тыңдап қайтты.

Қаржыландыру тоқтайды дегенге наразы ата-аналар 174 мектеп-гимназиясының акт залына жиналды. Көпшілігі қалдыратын жер болмаған соң балаларын да ерте келген. Олар Алматы білім басқармасының өкілдерімен кездесті. Түсіндіруге тырысқан, түсіне алмаған екі тарап бір-біріне сөз берер емес. У-шудан құлақ тұнады. «Тып-тыныш оқып жүргенімізде неге кедергі жасап жатырсыздар» деген айқай естілді көптің арасынан.

Ақтоты Омарованың 8 жастағы Аяулым есімді қызы бар. Ол екінші топтағы мүгедек, ақыл-есі кемістігі бар деген диагноз қойылған. Аяулым үшінші сыныпты «Педагогтар академиясы» мектебінде бастады. Ақтотының айтуынша, мамандар Аяулым үйде оқуы керек деген қорытынды шығарған. Бірақ балам қоршаған ортаға, қоғамға бейімделуі керек деген жас ана Аяулымды мектепте оқытқысы келеді. Сол үшін «Педагогтар академиясына» келіп жүр.

«Менің баламда есту бұзылысы бар, ол қатты шуды көтере алмайды, сондықтан басқа балалармен бірге мемлекеттік мектепте оқи алмайды. Ал «Педагогтар академиясында» бізге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мұнда балам мектепке барғандай сезінеді, барлық жағдай жасалған. Арнайы мамандар бар. Күніне екі сағаттан аптасына сегіз сабақ болады”, – дейді Ақтоты.

«Педагогтар академиясы» заң жүзінде қоғамдық бірлестік болғанымен, іс жүзінде толыққанды ерекше балаларға арналған мектеп қызметін атқарып отыр. 8 жастағы Аяулым тәрізді мамандар үйде оқуы керек деген 215 бала осы жерде білім алады. Мұнда парта да, оқу жабдықтары да дайын. Мұғалім тақта алдына шығып, сабақ береді. Бір бала осында келгелі түсті танып, санауды үйренген. Бірінің тілі шыға бастады. Ал бір ата-ана жай ғана баласының сөмке ұстап, мектепке барғанына мәз.

«Менің балам мектепке барады деп ойлаған емеспін. Қыркүйекте сабаққа қатысуға болатынын естігенде үйімізде той болды. Кәдімгідей тойладық. Мектеп формасын, сөмкесін, қалам-қарындашын сатып алдық. Балам көптің алдына шығып, қоңырау соққанын көргенде қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздады», – дейді жиынға келген ата-ананың бірі.

Бірақ оның қуанышы көпке созылмады. Оқу жылы басталғалы бір ай өтпей жатып мектеп басшылығынан «қаржыландыру тоқтауы мүмкін, орталықтың тағдыры белгісіз» деген хабарламаны алғанда төбелерінен жай түскендей болады.

«Педагогтар академиясы» ресми түрде 2022 жылы ресми лицензия алған инклюзивті мектеп. Арнайы 480 шаршы метр аумаққа орналасқан. Мектепте аутизм, РАС бұзылыстары, ақыл-есінің дамуында кемшілігі бар балалар оқиды. Коррекциялық сыныптардан бөлек, би үйірмесі мен бассейн де, ЛФК кабинеттер де жұмыс істейді. Ресми дерек бойынша, мұнда 268 бала білім алады. Оның ішінде 56 бала заң жүзінде мектепке келеді, түзету сыныптарында оқиды. Ал 212 бала үйде оқытылады деп көрсетілген. Дау да осы 212 балаға қатысты болып тұр.

Бұған дейін мектеп республикалық бюджеттен қаржыландыру алып келді. Барлығы 268 бала үшін мемлекеттік тапсырыс берілген. Сол қаржыдан білім орталығына қажетті жабдықтарды сатып алады, мұғалімдер жалақысын береді.

Биыл үкіметтің «жекеменшік мектептердің тамырын қысу керек» деген пәрменінен соң бұл білім орталығы Алматы білім басқармасының қарамағына өтті. Басқарма әуелі орталыққа тексеру жүргізді. Тексерді де СЭС талаптарын сақтамаған, заң бұзушылық бар, қаржыландыру тек 60 балаға беріледі деген қорытынды шығарады.

Білім басқармасының уәжіне сүйенсек, әу бастан ғимарат рұқсаты тек 60 балаға ғана берілген, тиісінше қаржы тек 60 балаға ғана түседі. Ал үйде оқуы керек деген 210 бала сол мектеп қуаттылығына кіріп кетеді яғни олар үшін бюджеттен қосымша қаржы бөлінбейді.

«Бұл ретте, қолданыстағы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыға сәйкес, нысан 60 орынға есептелген және бастауыш буын балаларының қысқа мерзімде болуына арналған. Сондықтан туындаған мәселелер оқушылар арасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың болуына емес, мемлекеттік тапсырысты орналастыру шарттарының сақталуына және контингентті қалыптастырудың негізділігіне қатысты болып отыр», – деп жазылған білім басқармасының БАҚ-қа арналған түсініктемесінде.

Ал 210 балаға мемлекеттен қаржы бөліп, мемлекеттік тапсырыс орналастыру үшін олар оқып жатқан ғимаратқа СЭС-тің арнайы қағазы керек. Сол балаларға ғимарат жарамды деген рұқсат қағазынан кейін мемлекеттік тапсыс орналастыра аламыз дейді әкімдік өкілдері.

Біз кедергі жасамаймыз, сіздер заң бұзып жатырсыздар дейді Айдын Сайлаубай. Ол Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары.

«Үйде оқу дегенде мұғалім үйге келіп, жүктемені үйде орындау керек. Қазір мектепті жабу мәселесі қарастырылмаған. Мемлекеттік тапсырыс шыққанда оның критерий бар. Сол критерийге сай болғанда ғана тапсырыс бере аламыз», – дейді басқарма өкілі.

Әкімдік 60 бала үстіне тағы 60 балаға яғни 120 балаға рұқсат беріп, қаржы бөле аламыз дегенді айтады. Бірақ өзге 150 бала үшін арнайы рұқсат керек немесе олар мектепке келмей тек үйде оқуы керек.

Дегенмен мектеп басшысы Нұрым Нұрғалиев өзін заң бұздым деп есептемейді.

«Мен өз тарапымнан ерекше балаларға екі ғимаратты лайықтап бердім. Енді білім басқармасы келіп, үйде оқитын балалар мектеп қуаттылығына кірмейді яғни сол мектепке келетін балалар деп есептелмейді дегенді айтады. Бірақ ондай еш жерде жазылмаған. Балалар тек үйде оқысын деген заң жоқ. Олар мүмкін далада оқиды, дәмханада оқиды, арнайы ғимаратқа барып оқи ма өз конституциялық құқығы болуы керек », – дейді ол.

Нұрғалиевтің сөзінше, «Педагогтер академиясы» Алматыдағы ерекше балаларға арналған жалғыз тегін мектеп. Мемлекеттік тапсырысқа қатысады, бірақ ата-анадан ақы алмайды.

«Қазір басқарма ары кетсе 120 балаға ғана бере аламыз деп отыр. Ал қалған 150 бала ақылы оқысын немесе мемлекеттік мектепке барсын дейді. Бірақ мемлекеттік мектептер оларды қабылдауға дайын емес», – дейді оқу орталығының басшысы.

Білім басқармасының дерегінше, сол маңайдағы 3 шақырым радиуста №221, №174, №214 және №41 мемлекеттік мектептерде 705 бос оқушы орны бар. Басқарма әрбір баланың тұратын жерін, оқыту тілін және жеке қажеттіліктерін ескере отырып, әрі қарайғы білім беру бағытын пысықтауға дайын. Бірақ ата-аналар келісер емес.

«Ол сыныпта менің баламның жанында тьютор болмайды. Мұғалімнің айтқанын түсіндіріп, жеткізіп беретін адам жанында үнемі жүрмейді. Қазір “Педагогтар академиясында» коррекциялық сыныптан бөлек бассейн, ЛФК-ға барамыз. Мемлекеттік мектептер соны бізге бере ала ма”, – дейді залдағы ата-ананың бірі.

Одан бөлек балалар арасындағы буллинг деген қауіп те бар.

Тек үйде мұғалім шақыруға барлығының бірдей ыңғайы келмейді. Бірі жатақханада тұрады, енді бірінде оқытушымен жеке екі сағат сабақ оқитын оңаша бөлме жоқ. Кей ата-аналар мұғалім үшін жақын маңдағы дәмханаға барып сабақ оқуға мәжбүр. Ең бастысы – тек үйде оқыған бала қоғамға бейімделуден алшақ болады. Яғни кейін мемлекеттік мектепке барған күннің өзінде күнұзақ төрт қабырғада отырған балаға бірден қоғамға сіңісіп кетуге қиынға соқпақ.

Бірақ білім басқармасы өкілдері 200 ерекше баланың ығына жығылып, заңды өзгерте салмайтынын анық түсіндірді. Ресми құжат бойынша, үйде оқып жүрген 210 балаға қаржы бөлу үшін арнайы СЭС рұқсат қағазы керек, оның санитарлық талаптарын орындауы қажет.

Ал Нұрым Нұрғалиев СЭС рұқсат қағазын алу оңай емес екенін айтады. Сөзінше, кемінде бір жылға дейін уақыт алады немесе тіпті бермеуі мүмкін.

Бір-біріне ашуланған, ашынған тараптап келісімге келе алмаған күйі тарқасты. Мектепті сақтап қалыңдар деген ата-аналар енді оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға, одан әрі президентке үндеу жасамақ.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
2 қазан 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар