Азия ойындары: Айбек Оралбай Қазақстанға бокстан екінші алтынды сыйлады
Қазақстандық боксшы Айбек Оралбай Аичи–Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының алтын жүлдесін жеңіп алды. Бұл – Қазақстан құрамасының бокстан осы Азиададағы екінші алтыны, деп хабарлайды Kursiv.Media.
90 келі салмақ дәрежесіндегі финалдық кездесуде Оралбай Өзбекстан өкілі Жахонгир Зокировпен жұдырықтасты.
Бірінші раунд тартысты өтіп, төрешілер шешімі бойынша қазақстандық боксшы 3:2 есебімен алға шықты. Екінші раундта Айбек басымдығын арттырып, бес төрешінің де дауысын алып, 5:0 Қазақстан боксшысының пайдасына шешілді.
Үшінші раундтан кейін де Айбек Оралбай жалпы басымдығын сақтап, финалдық жекпе-жекте жеңіске жетті. Осылайша қазақстандық боксшы Азия ойындарының чемпионы атанды.
Айта кетейік, Оралбай мен Зокиров бұған дейін де ірі халықаралық жарыстарда кездескен. 2025 жылғы әлем чемпионатының финалында да Айбек өзбекстандық қарсыласын жеңіп, әлем чемпионы атанған.
Осы жеңістен кейін Қазақстан құрамасының Аичи–Нагоядағы бокстан алтын медаль саны екеуге жетті. Бұған дейін 70 келіде Төрехан Сабырхан Азия ойындарының чемпионы атанған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
2 қазан 2026