Той әлде пәтер: Үйлену тойына қанша ақша кетеді
Маусымнан қарашаға дейін Қазақстанда той маусымы қыза түседі. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, некені тіркеу саны да осы айларда жоғары болады, деп хабарлайды Kursiv.media.
Қазақстанда ресми тіркелетін некелер саны азайып келеді. Былтыр соңғы бірнеше жылдағы ең төмен көрсеткіш тіркеліп, шамамен 116 мың неке қиылған. Бұл карантин мен бұқаралық іс-шараларға шектеу қойылған 2020 жылмен салыстырғанда да 10%-ға аз.
Биыл қаңтар-шілде айларында елде 63,5 мың жұп некесін ресми тіркеген. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3%-ға аз. Бұған 1990 жылдары туған буынның некеге тұратын жасқа жетуі және жастардың отбасын құруды кейінгі жасқа қалдыруы әсер етіп отыр.
Той өткізу қанша тұрады
Finprom.kz той ұйымдастыру құнын анықтау үшін Алматыдағы үйлену тойына қажетті тауарлар мен қызметтердің бағасын саралаған.
Ең үнемді нұсқа – салтанатты шарасыз неке қию. Киім, қалыңдықтың гүл шоғы, неке сақиналары, фото және бейнетүсірілімді қоса есептегенде, кемінде 128,3 мың теңге қажет. Қымбаттырақ киім мен сақина таңдалса, шығын 474 мың теңгеден асады. Ең қымбат шығындардың қатарында қалыңдықтың көйлегі 100 мың теңгеге дейін, күйеу жігіттің костюмі 70 мың теңгеге дейін және фото-видеотүсірілім қызметтері бар.
Екінші нұсқа 50 адамға арналған бір немесе екі күндік шағын той. Бұл формат Wedding Weekend деп аталады. Әдетте жас жұбайлар табиғаты көркем жерде демалыс орнын жалдайды. Алматы маңында мұндай орындардың жалдау ақысы 200 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жетеді.
Бұған қоса кейтеринг қызметіне ақша төленеді. 50 адамға арналған мәзірдің құны 325 мың теңгеден 1,2 млн теңгеге дейін барады. Баға қонақ санына, мәзір мен қызмет көрсету форматына байланысты.
Шағын тойға ең кемі 1 млн теңге кетеді. Бұл сомаға жас жұбайлардың киімі, безендіру, гүлдер, туыстарға сыйлықтар, фото және бейнетүсірілім кіреді. Ал ең қымбат нұсқада бюджет 4,2 млн теңгеге дейін жетеді.
Бұл есепке қымбат киімдер мен сақиналар, толық күндік фото түсірілім, той өтетін орын мен үстелдерді безендіру және тойбастар шығындары енгізілген. Алдын ала есеп бойынша, тойбастарға 500 мың теңгеге дейін, кейде одан да көп қаражат жұмсалады.
300 адамдық үлкен той қанша тұрады
Тойдың ең қымбаты 300 адамға арналған үлкен той болып отыр. Премиум қызметтер таңдалмаса да, шығын қомақты болады.
Ең үлкен шығын мейрамхана мен ас мәзіріне жұмсалады. Бір адамға 25 мың теңгеден есептегенде, 300 қонаққа арналған дастарханның өзі кемінде 7,5 млн теңге тұрады. Туыстарға сыйлықтар мен басқа қажетті қызметтерді қосқанда, үлкен тойдың ең төменгі бюджеті 8,7 млн теңге болады.
Бұл сомаға 50 шаршы метрлік пәтер үшін ипотеканың 30%-дық бастапқы жарнасын төлеуге болар еді.
Ал 300 адамдық тойдың ең қымбат нұсқасында мейрамхана мен мәзірге 45 млн теңгеге дейін, безендіруге 700 мың теңгеге дейін жұмсалуы мүмкін. Бұған қалыңдықтың бірнеше киімі, қыз ұзатуға арналған шығындар, үлкен торт, өнерпаздар мен асабаның қызмет ақысы қосылады.
2026 жылғы қыркүйектегі мәлімет бойынша, Қазақстандағы танымал асабалардың бірінің той жүргізу қызметі 8 млн теңгеге дейін жетеді. Осылайша, премиум қызметтер таңдалған 300 адамдық үлкен тойдың жалпы құны 57,8 млн теңгеге дейін баруы мүмкін. Мұндай ақшаға кең пәтер сатып алуға болады.
Жастардың тойға көзқарасы өзгеріп келеді
Соңғы жылдары әлеуметтік желілер мен БАҚ-та үлкен той өткізу мәселесі жиі талқыланып жүр. Бұған жастардың қымбат тойларға көзқарасының өзгеруі себеп болып отыр. Бір күндік мерекеден кейін бірнеше жыл бойы «той несиесін» төлеуге мәжбүр болғысы келмейтіндер көбейіп келеді.
Демографтар, мәдениеттанушылар мен антропологтардың пікірінше, жастардың үлкен тойларға қатысты ирониялық және сын көзбен қарауы байқалады. Мұндай көзқарас «елдің бәрі осылай жасайды» деген ұстанымға қарсылықтан туындайды.
Бұл жерде мәселе ұлттық дәстүрден бас тартуда емес, бір күндік той үшін түсетін қаржылық салмақта болып отыр. Әлеуметтік желілерде 500 адамдық тойдың орнына жақындарымен шағын рәсім өткізіп, қалған қаражатты саяхатқа немесе баспанаға бастапқы жарна ретінде жұмсаған жас жұбайлар туралы жазбалар мен видеолар жиі кездеседі.
Бұл үрдісті әлеуметтік зерттеулер де көрсетеді. Қазақстандық қоғамдық даму институтының «Қазақстандық отбасылардағы ұрпақаралық өзара іс-қимыл ерекшеліктері» атты талдауында некенің әл-ауқатына қатысты сауалнама нәтижелері келтірілген.
Зерттеуге сәйкес, респонденттердің 61,3%-ы ресми некені бақытты отбасының кепілі деп санайды. 29,1%-ы оны қалаулы, бірақ міндетті емес шарт деп есептейді. Ал 9,6%-ы ресми некенің жұптың бақытты болуына айтарлықтай әсері жоқ деген пікірде. Бұл 2024 жылы 2,4 мың респондент арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі.
Қазақстандықтардың отбасының қаржылық мүмкіндігіне сай келмейтін қымбат тойларға көзқарасын өңірлер бойынша да бағалауға болады. Зерттеу нәтижесінде көп өңірде мұндай тойларды қолдайтындар үлесі 20%-дан 50%-ға дейін болған.
Мысалы, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында қаржылық мүмкіндігі жетпейтін отбасылардың үлкен той жасағанын қолдағандар үлесі небәрі 2,7% және 2,9% болды. Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш 10%, Павлодарда 10,3%, Қостанай облысында 15,7% болған.
Ал мұндай дәстүрді қолдайтындардың үлесі Ақтөбе облысында 67,4%, Түркістан облысында 50,7%, Алматы қаласында 45,5% болды.
Тағы да оқыңыз: Елде 40 жастан кейін тұрмысқа шығатын әйелдер көбейген – статистика
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
2 қазан 2026