Су, жарық, газ: коммуналдық тарифтер бір жылда қалай өзгерді (инфографика)
Қазақстанда жылдық инфляция баяулауын жалғастырды. 1 қазанда жарияланған Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, қыркүйекте жылдық инфляция 9,3% болды. Тамызда көрсеткіш 9,8% еді. Бір айдағы баға өсімі өзгермей, 0,6% деңгейінде қалды. Азық-түлік бір жылда 8,5%, азық-түлік емес тауарлар 11%, ал ақылы қызметтер 8,9% қымбаттады. Бұған дейін қыркүйектегі инфляция туралы жазған едік.
Сонымен бірге жалпы инфляция баяулағанымен, тұрғын үйге қатысты кейбір шығындардың өсуі әлі де жоғары. Kursiv.Media коммуналдық қызметтердің қаншалықты өзгергенін зерттеді.
Ұлттық статистика бюросының қыркүйек айының қорытындысына қарасақ, тұрғын үй қызметтері, су, электр энергиясы, газ және отынның басқа түрлері бір жылда жалпы 6,3% қымбаттаған. Бұл санаттың жылдық инфляцияға қосқан үлесі 0,647 пайыздық тармақты құрады.
Ең жоғары өсім құбыр арқылы жеткізілетін газда байқалды – 20%. Тұрғын үйді жалға алу құны бір жыл ішінде 19,3%, тұрғын үй-жайларға қызмет көрсету, жөндеу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметтері 13,3% қымбаттады.
Сұйытылған газ бағасы 9%, лифт үшін төлем 6,6%, домофон ақысы 6,3% өскен. Тұрғын үйді күтіп ұстау және қызмет көрсету мен қатты отын бағасы 5,2%-дан қымбаттады.
Өсім ыстық су мен қоқыс шығару қызметінде де байқалады. Ыстық су бір жылда 3,5%, қоқыс шығару 3,3%, электр энергиясы 2,3% қымбаттаған. Орталықтан жылыту тарифінің өсімі әзірге небәрі 0,1% болды.
Ал керісінше, суық су тарифі жылдық есепте 41% төмендеген. Суды бұру қызметінің бағасы да 0,7% азайған.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер бағасының бір жылдағы өзгерісі
Қазан айында коммуналдық тарифтердің өзгеруі жалғасады. Бірақ Қазақстан бойынша барлық коммуналдық қызмет бір мезетте қымбаттамайды. Тарифтер әр өңір мен қызмет көрсетуші компания бойынша жеке бекітіледі. Kursiv.Media жазғандай, қазаннан бастап Алматыда, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында, Шахтинск, Курчатов, Орал және басқа да бірқатар елдімекенде жекелеген коммуналдық қызметтердің тарифтері өзгереді.
Алматы тұрғындары үшін ең елеулі өзгерістің бірі – су тарифі. 1 қазаннан бастап қалада бір текше метр су 178,06 теңге, ал су бұру қызметі 119,46 теңге болып белгіленді.
Есептегіші жоқ пәтерлерде бір адамға айына тұрмыстық су үшін 2670,90 теңге, су бұру үшін 1791,85 теңге есептеледі. Бұл жағдайда төлем тіркелген әр тұрғынға айына 15 текше метр су нормасы бойынша шығарылады. Жаңа тариф жөнінде Kursiv Media бұған дейін жазған.
«Алматы Су» компаниясы тарифтің көтерілуін электр энергиясының қымбаттауымен, еңбекақы шығындарының өсуімен, желілерді күтіп ұстауға кететін шығындармен және инфрақұрылымды жаңарту қажеттілігімен түсіндірген. Соңғы екі жылда компания қарамағына құны 73,2 млрд теңге болатын жаңа коммуналдық инфрақұрылым берілген.
Ал электр энергиясы Алматы мен Алматы облысында бұған дейін, 12 қыркүйектен бастап қымбаттаған. Қазір тұрғындар үшін бірінші деңгейдегі тариф ҚҚС-пен 34,28 теңге/кВт·сағ, екінші деңгей – 45,51 теңге, үшінші деңгей – 56,89 теңге. Тұтыну көлеміне бөлінбейтін жалпы тариф 37,92 теңге/кВт·сағ болып белгіленген. Бұл тарифтердің қалай есептелетінін Kursiv.Media бұған дейін түсіндірген.
Астанада да электр қуатының орташа тарифін қайта қарау жоспарланған. «Астана-РЭК» мәліметінше, қазаннан бастап орташа тариф 38,98 теңге/кВт·сағ деңгейіне жетуі мүмкін. Бұл 1 шілдеден бері қолданылған тарифтен 19,1% жоғары.
«Өзге тұтынушылар» санаты үшін тариф 44,40 теңге/кВт·сағ, ал бюджеттік ұйымдар үшін 58,55 теңге/кВт/сағ деңгейінде қарастырылған.
1 қазаннан бастап KEGOC-тың ұлттық электр желісі арқылы электр энергиясын тасымалдау қызметінің жаңа тарифтері күшіне енді. 2026 жылғы 1 қазаннан 2027 жылғы 30 қыркүйекке дейін электр энергиясын ұлттық желі арқылы беру тарифі 5,643 теңге/кВт·сағ, ал ұлттық электр желісін пайдалану тарифі 3,27 теңге/кВт·сағ болып бекітілді.
Бұл – халықтың түбіртегіндегі бөлшек электр тарифі емес, электр жүйесіндегі реттелетін инфрақұрылымдық тариф. Дегенмен мұндай шығындар электр энергиясының түпкілікті құнын қалыптастыратын факторлардың бірі. Кегоктың жаңа тарифтері туралы Kursiv жазған.
Осылайша, инфляция жалпы ел бойынша 9,3%-ға дейін баяулағанымен, коммуналдық сектордағы баға қысымы толық жоғалған жоқ. Қыркүйектің өзінде тұрғын үйге қатысты қызметтердің кейбірі 10–20% аралығында қымбаттаған. Ал қазаннан бастап жекелеген қалаларда су мен электр энергиясына жаңа тарифтер енгізіле бастады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
2 қазан 2026