Бас прокуратура мұғалімдерге сыйлық алудан сақтануға шақырды
Мұғалімдер күнінде ұстаздарға арнап интернет арқылы сыйлық алғанда абай болған жөн, деп хабарлайды Kursiv.media.
Бас прокуратураның мәліметінше, алаяқтар осындай тор құрып жатыр. Алаяқтар алдау мақсатында жасанды интеллект көмегімен шын мәнінде жоқ тауарлардың суреттерін жасайды. Ал сатып алушыға сатушының орнына чат-бот жауап береді.
«Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы азаматтарды Мұғалімдер күні қарсаңында таралып жатқан жаңа алаяқтық схема туралы ескертеді. Шетелдік дереккөздердің мәліметінше, алаяқтар педагогтерге арналған сыйлықтарды тиімді бағамен ұсынатын жалған сайттарға сілтемелер жібереді», – делінген хабарламада.
Мұндай сайттар шынайы интернет-дүкендерге ұқсайды. Алайда төлем жасағаннан кейін сатып алушы ақшасынан да, сыйлығынан да айырылып қалуы мүмкін.
Қорғаныстың тәсілдері – күмәнді хабарламаларда көрсетілген сілтемелерге өтпеу және ондағы телефон нөмірлеріне қоңырау шалмау. Әдеттегідей, құпиясөздерді, PIN-кодтарды, банк карталарының CVV-кодтарын және SMS арқылы келетін растау кодтарын ешкімге айтпаған дұрыс. Сайттың түпнұсқалығына және сатушының сенімділігіне көз жеткізбей тұрып, алдын ала төлем жасауға болмайды. Тапсырыстар туралы ақпаратты сатушының ресми сайты немесе қосымшасы арқылы тексеру қажет.
«Егер сіз банк картаңыздың деректерін алаяқтарға беріп қойған болсаңыз немесе күмәнді ақша шешілгенін байқасаңыз, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттаңыз және болған жағдай туралы полицияға хабар беріңіз», – делінген ескертуде.
Мұның алдында Бас прокуратура iPhone 18-ге қатысты жаңа алаяқтық схема туралы ескерту жасаған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
2 қазан 2026