2 қазан күні Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай алтын үшін жұдырықтасады
2 қазанда Аичи–Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында бокстан финалдық жекпе-жектер өтеді. Қазақстан құрамасынан екі боксшы – Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай алтын медаль үшін рингке шығады.
70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Төрехан Сабырхан финалда Иордания өкілі Зейяд Ишаишпен кездеседі. Жекпе-жек Қазақстан уақытымен сағат 10:00-де басталады.
Төрехан Сабырхан жартылай финалда Өзбекстан өкілі Шавкатжон Болтаевты жеңіп, Азия ойындарының финалына жолдама алған еді.
Қазақстанның екінші финалисі – аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбай. Ол +90 келіде Өзбекстан боксшысы Жахонгир Зокировпен алтын медаль үшін жұдырықтасады. Бұл кездесу Қазақстан уақытымен 14:30-ға жоспарланған.
Оралбай мен Зокиров бір-бірін жақсы таниды. Екі боксшы бұған дейін бірнеше ірі халықаралық жарыста кездескен. Соның ішінде 2025 жылғы әлем чемпионатының финалында Айбек Оралбай өзбекстандық қарсыласын жеңіп, әлем чемпионы атанған.
Бокстан финалдық жекпе-жектерін Qazaqstan ұлттық арнасы тікелей эфирден көрсетеді.
Қазақстан құрамасынан осы Азия ойындарында ерлер арасында финалға шыққан боксшылар – Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай. Әйелдер арасында бірде-бір боксшы финалға шықпады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
2 қазан 2026