Үкімет үш жылда 842 жобаға 9,2 трлн теңге мемлекеттік инвестиция құюы мүмкін
Ұлттық экономика министрлігі 2027-2029 жылдарға арналған Мемлекеттік инвестициялық жобалар портфелін қалыптастырды. Болжамды тізбеге жалпы құны 9,2 трлн теңге болатын 842 жоба енгізілді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қаржының басым бөлігін, яғни 4,7 трлн теңгесін 2027 жылы игеру жоспарланған. Бұл 521 жобаның бір жылдық қаржыландыру циклімен байланысты. Қалған қаражат 2028 жылға – 2,3 трлн теңге және 2029 жылға 2,2 трлн теңге болып бөлінді.
Жобалардың басым бөлігі нақты секторға тиесілі, оған 722 жоба кіреді. Әлеуметтік секторда 75 жоба, ал күш құрылымы секторына 45 жоба бар. Салалар арасында ең көп қаржы денсаулық сақтау саласына бөлінеді, ол 2,3 трлн теңгені немесе портфельдің 24,3%-ын құрайды. Көлік инфрақұрылымына 1,9 трлн теңге, ал су шаруашылығына 985,9 млрд теңге қарастырылған.
Өңірлік бөліністе нақты аумаққа байланбаған республикалық маңызы бар 49 жоба көш бастап тұр, оларға 2,9 трлн теңге тиесілі. Өңірлер ішінде ең көп қаржы Астана қаласына 1 085,1 млрд теңге, Алматы қаласына 857,5 млрд теңге және Алматы облысына 614,3 млрд теңге көлемінде қарастырылды.
Бұл портфель – жобалардың алдын ала тізімі. Жобаның портфельге енуі оның қаржыландырылуына толық кепілдік бермейді.
Бюджет қаражатын бөлу туралы шешімдер заңда белгіленген тәртіппен бюджеттік процесс шеңберінде қабылданады. Жобалардың нақты параметрлері мен көрсеткіштері мемлекеттік және жергілікті органдардың даму жоспарларында айқындалады.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын сынға алған. Аудиторлар тиімді жобалар пулының жоқтығын айтып, бюджеттен қаржыландыруды азайтуды ұсынған.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
2 қазан 2026