Қытай билігі автокомпаниялар арасындағы баға соғысын тоқтатпақ
Қытайда автокөлік өндірушілері арасындағы бәсеке ушығып, бұл жағдайға ел билігі араласа бастады. Компаниялар бағаларды төмендетіп қана қоймай, жеткізушілерге де қысым көрсетіп жатыр. Өндірушілер арасындағы баға бәсекесі күшейген сайын, компаниялардың пайдасы да қысқарып келеді. Бұл өзгерістерге журналист Глеб Пьяных назар аударды.
Журналистің айтуынша, тамыз айында Қытайдағы жаңа автокөліктің орташа бағасы шамамен 171 мың юаньды (11,3 млн теңге) құрады. Ал электромобильдер мен гибридтердің орташа бағасы бұдан төмен болып, 166 мың юаньға (11 млн теңге) жетті.
Пьяных бағаның 200 мың юаньнан төмендегенін айтқан, алайда бұл көрсеткіш дәл емес. Тамыз айында жаңа энергия көліктерінің (NEV) орташа бағасы бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда шамамен 8 мың юаньға өскен.
Соған қарамастан баға соғысы жалғасып жатыр. Қытай жолаушылар автокөлігі қауымдастығының (China Passenger Car Association) мәліметінше, тамыздағы жеңілдіктерге қатысқан жаңа энергия көліктерінің орташа бағасы 17,8%-ға, яғни шамамен 45 мың юаньға (3 млн теңгеге жуық) арзандаған.
Көбірек көлік сату үшін бағаны төмендету компаниялардың пайдасын қысқартып отыр. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қытайдың автокөлік өнеркәсібіндегі пайда бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 16%-ға төмендеді. Ал сатылым рентабельділігі 3,6%-ды құрады. Шілдеде бұл көрсеткіш 2,4%-ға дейін түссе, тамызда 4%-ға қайта көтерілді.
Қыркүйекте Қытайдың мемлекеттік органдары автомобиль өнеркәсібіндегі қатаң бәсекеге қатысты шаралар қабылдай бастады. Атап айтқанда, билік автокөлік өндірушілерін жеткізушілермен есеп айырысу мерзімдерін қысқартуға және олардың мүддесіне ұқыпты қарауға шақырды.
Мемлекет компаниялардың төмен баға ұсыну үшін қаржылық салмақты жеткізу тізбегіндегі басқа қатысушыларға аударуына жол бермеуге тырысып отыр. Сонымен қатар билік автокомпанияларға бәсекелестік талаптарын сақтап, баға соғысы арқылы артықшылыққа ұмтылмауды ескертті.
Осылайша, көліктің арзандауы сатып алушыларға тиімді болғанымен, өндірушілердің маржасы қысқарып жатыр. Сондықтан Қытай билігі қазір бәсеке мен автокөлік өнеркәсібінің қаржылық тұрақтылығы арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысып жатыр.
Еске салайық, Қытайдың автокөлік экспорты рекордтық қарқынмен өсіп келеді. Шілде айында жылдық өсім 80%-дан асқан. Ал электромобильдер мен гибридтердің үлесі жалпы экспорт көлемінің жартысынан көп.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
2 қазан 2026