Қарттар күніне орай әкімдіктер зейнеткерлерге қанша теңгеден береді
Бүгін, 1 қазан халықаралық қарттар күні. Осы күнге орай еліміздің бірқатар өңірінде біржолғы ақшалай көмек қарастырылған. Алайда төлем мөлшері мен оны алушылардың санаты әр облыста әртүрлі. Кей өңірде әлеуметтік төлем жасы бойынша берілсе, енді бірінде тек ең төменгі зейнетақы алатын қарттарға немесе белгілі бір жасқа толған азаматтарға төленеді.
Елордада біржолғы ақшалай көмекті 110 мыңнан астам зейнеткер алады. Төлем мөлшері 2,5 АЕК, яғни шамамен 10,8 мың теңге.
Әлеуметтік көмек Астанада тіркелген жасы бойынша зейнеткерлерге, сондай-ақ зейнеткерлік жастағы және ең төменгі зейнетақы алатын азаматтарға беріледі. Алушылардың тізімі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының деректері негізінде жасалған.
Sinegor.kz мәліметінше, Ақмола облысында 26 582 зейнеткерге 3 АЕК, яғни 12 975 теңгеден төленеді.
Қарағанды облысында 75 жастан асқан 43 405 тұрғынға 21 625 теңгеден, яғни 5 АЕК мөлшерінде төлем қарастырылған. Бұл мақсатқа 938,6 млн теңге бөлінген.
«Аймақ Ақшамы» басылымының мәліметінше, Ұлытау облысында жасы бойынша ең төменгі зейнетақы алатын 6 199 зейнеткерге 20 мың теңгеден біржолғы төлем қарастырылған.
Павлодар облысында біржолғы көмектің мөлшері азаматтың жасына және алатын зейнетақысына байланысты белгіленеді.
Екібастұз қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі хабарлағандай, ең төменгі зейнетақы алатын немесе жәрдемақысы мен төлемдерінің мөлшері ең төменгі деңгейден төмен азаматтарға 12 975 теңге (3 АЕК) беріледі.
Ал осы талаптарға сай келетін 80 жастан асқан азаматтарға 17 300 теңге (4 АЕК) төленеді.
Түркістан облысында үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алатын 1 253 жалғызбасты қарт азаматқа 21 625 теңге көлемінде біржолғы көмек беріледі.
Otyrar.kz жазуынша, Шымкентте 70 жастан асқан шамамен 36 мың зейнеткерге 3 АЕК, яғни 12 975 теңгеден төленеді.
Көмек алушыларға алдын ала өтініш берудің қажеті жоқ. Ақша автоматты түрде олардың шоттарына аударылады. Төлемдерді аудару 20 қыркүйек пен 10 қазан аралығында жүргізіледі. Сондықтан кей азаматтарға ақша Қарттар күні – 1 қазанда емес, осы аралықтағы басқа күні түсуі мүмкін.
Әлеуметтік көмектің шарттары әр өңірде әртүрлі. Сондықтан оның берілетін-берілмейтінін тұрғылықты жердегі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі немесе әкімдік арқылы нақтылаған дұрыс.
Тағы да оқыңыз: Қазақстандағы қарттар қалай өмір сүреді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
1 қазан 2026