Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

ӨҢІРДЕГІ ӨНДІРУШІЛЕРГЕ ЖАҢА СЕРПІН: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКСПОРТТЫҚ-КРЕДИТТІК АГЕНТТІГІ ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫН КҮШЕЙТТІ

kz.otyrar.kz

ӨҢІРДЕГІ ӨНДІРУШІЛЕРГЕ ЖАҢА СЕРПІН: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКСПОРТТЫҚ-КРЕДИТТІК АГЕНТТІГІ ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫН КҮШЕЙТТІ

Шымкентте өндірілген тауарлардың географиясы бүгінде Қазақстан аумағымен шектелмейді. Отандық кәсіпорындар өнімдерін шетелдік нарықтарға шығарып, өндірістік қуатын арттырып келеді. Бұл бағытта кәсіпкерлерге қаржылық қолдаумен қатар, экспорттық келісімдерді сақтандыру және сыртқы нарықтағы тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік беретін құралдар ұсынылады.

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің (ЭКА «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) өңірлердегі жұмысы барысында мұндай мүмкіндіктерді нақты кәсіпорындардың мысалынан көруге болады. Шымкент қаласында өткен ЭКА баспасөз туры кезінде журналистер өндіріс орындарының жұмысымен танысып, отандық өнімнің экспортқа шығу барысын көрді.

2026 жылдың алғашқы сегіз айында ЭКА Шымкент қаласының экспорттаушыларына 6,9 млрд теңгеден астам көлемінде қолдау көрсеткен. Қолдау алған кәсіпорындардың қатарында тамақ өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен, металлургия, химия және машина жасау салаларының өкілдері бар. Қазақстандық тауарлардың негізгі экспорттық бағыттарына Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан және Қырғызстан жатса, Қытай, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Германия, Әзербайжан, Беларусь, Хорватия және Моңғолия нарықтарына да отандық өнім жеткізіліп келеді.

Экспорттық әлеуетін арттырып отырған кәсіпорындардың бірі – «Stroi Construction» ЖШС. Компания инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік нысандарға арналған металл конструкциялар мен құрылыс бұйымдарын өндіреді. Өнім түрлерінің қатарында мырышталған жарықтандыру тіректері, металл профильдер, құбырлар, кабельдік науалар және болаттан жасалған өзге де бұйымдар бар. Өндірісте заманауи лазерлік кесу технологиялары қолданылып, құю цехы да жұмыс істейді. Қазір кәсіпорында 150-ден астам адам еңбек етеді.

Компания өнімдерін Қытай мен Түркия нарықтарына жеткізеді. Агенттікпен ынтымақтастық 2025 жылы басталған. Осы кезеңде көрсетілген қолдау көлемі 6,1 млрд теңгеге жетсе, оның 2,1 млрд теңгесі ағымдағы жылға тиесілі. «Stroi Construction» ЖШС менеджері Ердос Тұрасбековтің айтуынша, кәсіпорын биыл өндіріс көлемін екі есеге арттырған.

«Қазіргі таңда бізде 14 өндіріс орны бар. Шымкент қаласы мен Түркістан облысында салынып жатқан тұрғын үйлерге қажетті металл өнімдеріне деген сұранысты қанағаттандырып отырмыз. Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі қолдауының арқасында өнімдерімізді Түркия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан нарықтарына шығарып жатырмыз. Биыл өндіріс көлемін екі есеге арттырдық. Қазір жылына 170 мың тоннаға дейін металл өнімін өндіреміз», – дейді Ердос Тұрасбеков.

Оның айтуынша, экспорт кезінде кәсіпорын үшін сыртқы нарықтағы тәуекелдерді басқару мен қаржылық тұрақтылықты сақтау маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Экспорттық-кредиттік агенттіктің қолдауы өндірісті кеңейтіп, жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік беріп отыр.

Шетелдік нарыққа шығатын кәсіпорын үшін өндіріс көлемінің жеткілікті болуы ғана емес, экспорттық келісімдердің қауіпсіздігі де маңызды. Сатып алушының төлемді уақытында жүргізуі, контрагенттің міндеттемелерін орындауы және ірі тапсырыстарды қаржыландыру секілді мәселелер кәсіпкер үшін қосымша тәуекелдер туғызады. Осындай жағдайда экспорттық-кредиттік агенттіктің құралдары кәсіпорындардың сыртқы нарықтағы тәуекелдерін азайтуға бағытталған.

Бұл бағытта жұмыс істеп келе жатқан тағы бір кәсіпорын – «Шымкентмай» АҚ. 80 жылға жуық тарихы бар зауыт бүгінде күнбағыс, соя, мақсары және рапс секілді майлы дақылдарды өңдейді. Сонымен қатар өсімдік майларымен бірге жемшөп өнімдері мен шаруашылық сабынын шығарады. Кәсіпорын өнімдері Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Иран, Ауғанстан, Қырғызстан және Түркия нарықтарына экспортталады.

«Шымкентмайдың» ЭКА-мен серіктестігі 2018 жылдан бері жалғасып келеді. Осы уақыт ішінде кәсіпорынға ұсынылған сақтандыру өтемінің жиынтық көлемі 28,5 млрд теңгені құраған. Оның 4 млрд теңгесі ағымдағы кезеңге тиесілі. Компания экспорттық келісімшарттарды сақтандырумен қатар, экспорт алдындағы қаржыландыру құралдарын да пайдаланады.

Экспортты дамытуда қаржылық құралдармен бірге цифрлық сервистердің де маңызы артып келеді. ЭКА іске қосқан «Экспорттаушының жеке кабинеті» арқылы қазақстандық компаниялар өз өтінімдерінің мәртебесін нақты уақыт режимінде бақылай алады. 2026 жылдың алғашқы жартысында сервис арқылы шамамен 120 өтінім өңделген. Ал шетелдік сатып алушыларға қазақстандық өнімдерді таныстыру үшін «Экспорттаушылар витринасы» цифрлық шоурумы жұмыс істейді. Бүгінде онда 465 компания мен 1,2 мыңнан астам тауар позициясы орналастырылған. Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі баспасөз қызметі басшысының орынбасары Мұхтар Жәмішжановтың айтуынша, агенттік экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстарын жалғастырып келеді.

«ЭКА 8 айдың қорытындысы бойынша 80-ге жуық өндірушіге жалпы 514 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетті. Оның нәтижесінде ел экономикасына 1,7 трлн теңгеден астам әлеуметтік-экономикалық пайда түсті. Бұл дегеніміз – жаңа жұмыс орындары, салық түсімдерінің артуы, өндіріс көлемінің артуы», – дейді ол.

Мұхтар Жәмішжановтың айтуынша, Экспорттық-кредиттік агенттік Үкіметтің өңдеу секторын дамыту және шикізаттық емес экспортты ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында қызмет көрсету үдерісін толығымен цифрландырған.

Ендігі жерде «Экспорттаушының жеке кабинеті» арқылы өтінім жіберуден бастап, оның өңделу мәртебесін қадағалауға дейінгі барлық операция онлайн түрде қолжетімді. Биылдың өзінде бұл жүйе арқылы 120-дан астам өтініш оң шешімін тапты. Бұдан бөлек, қазақстандық тауарларды сыртқы нарыққа танымал ету мақсатында «Экспорттаушылар сөресі» бірыңғай платформасы жұмыс істеп тұр. Бүгінде аталған электронды сөреге 465 отандық кәсіпорынның 1 200-ден астам өнімі орналастырылған.

Шымкенттегі кәсіпорындардың тәжірибесі қазақстандық өнімнің халықаралық нарыққа шығу бағытындағы жұмыстың біртіндеп кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Өндіріс қуаты артқан сайын экспорт географиясын кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық өнімнің шетелдегі нарығын ұлғайтуға мүмкіндік те арта түседі.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
30 қыркүйек 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар