Қарияға құрмет – ұрпаққа міндет
Қазақ халқы қашанда үлкенді сыйлап, қарияны төрге шығарған. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген сөздің мәні де осында. Осы дәстүрді берік ұстанған Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Қарттар күніне орай бірқатар қариялардың шаңырағына арнайы барып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
6506 әскери қызметшілерімен қатар Бөлім ардагерлер ұйымының төрағасы подполковник Нұрымбетов Сұлтан Жанабайұлы Ұлы Отан соғысының ардагері, аға сержант Кенжебаев Сапарбектің жұбайы Тоқтажан апаның үйіне арнайы ат басын бұрып, ақ жаулықты анамызды мерекесімен құттықтады. Жылы лебіздерін жеткізіп, сый-сияпаттарын табыс етті.
Тоқтажан апа келген қонақтарға ақ батасын беріп, ел тыныштығын тілеп, әскери қызметшілерге ризашылығын білдірді. Қарияның батасы – кейінгі буын үшін үлкен өнеге.
Сондай-ақ әскери қызметшілер Хайтметов Ерғаш ақсақалдың шаңырағына барып, мерекемен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық тіледі.
Мұндай кездесулер – жай ғана мерекелік құттықтау емес, аға буынға деген құрметтің, олардың өмір жолына тағзым етудің белгісі. Қариялардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесі кейінгі ұрпаққа қашанда бағыт-бағдар болмақ.
Қарттарын ардақтаған елдің болашағы да берік. Сондықтан үлкенге құрмет көрсету, олардың ақ батасын алу – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын игі дәстүр.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
30 қыркүйек 2026