LRT үшін жаңа полиция басқармасы құрылады
Қазақстанда LRT нысандарында жұмыс істейтін көлік полициясының жеке басқармасы құрылады. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды деп хабарлайды Kursiv Media.
Құжатқа сәйкес, Ішкі істер министрлігінің Көліктегі полиция департаментінің құрамында LRT нысандарындағы көлік полициясы басқармасы атты жаңа мемлекеттік мекеме пайда болады.
Жаңа басқарманы қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жүргізіледі. Қаражат Ішкі істер министрлігін ұстауға бөлінген бюджет шеңберінде қарастырылады.
Сонымен қатар жаңа басқарма Ішкі істер министрлігіне қарайтын аумақтық органдар мен бөлімшелердің тізіміне енгізіледі.
Қаулыда басқармада қанша қызметкер жұмыс істейтіні және нақты қандай нысандар оның жауапкершілігіне кіретіні әзірге көрсетілмеген. Құжаттың бір тармағы қызметтік пайдалануға арналған.
Қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, Қазақстандағы көлік полициясы көлік инфрақұрылымы нысандарында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Қазір ІІМ құрылымында теміржол станциялары мен басқа да көлік нысандарында жұмыс істейтін желілік полиция басқармалары мен бөлімдері бар.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
1 қазан 2026