Димаш Құдайбергеннің әкесі IT-компания ашты
Димаш Құдайбергеннің әкесі әрі продюсері Қанат Айтбаев Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) жаңа технологиялық компания тіркеді. DQ Global Ltd. деп аталатын компания 2026 жылғы 28 қыркүйекте ресми түрде жұмысын бастаған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
АХҚО қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің (AFSA) тізіліміне сәйкес, жаңа IT-компанияның жарғылық капиталы 100 млн теңгені құрайды.
Компания цифрлық өнімдерді әзірлеу, енгізу, қолдау және коммерциялаумен айналысады. Оның ішінде мобильді қосымшалар, ақылы контент сервистері және кіріктірілген сатып алу бар.
Қанат Айтбаев DQ Global Ltd. компаниясының акционерлерінің бірі ғана емес, сонымен қатар оның басшысы болып отыр. Онымен бірге компанияның тағы алты құрылтайшысы бар. Олар – Алина Каппас, Амина Марданманова, Асылхан Иса, Бекжан Досан, Қазбек Аманкелді және Ноян Төлегенов.
Компанияның құрылтайшыларының басым бөлігі туралы ашық дереккөздерден қосымша ақпарат табылмады.
Тек Ноян Төлегенов туралы мәлімет бар. Аты-жөніне қарағанда, ол «Ақ жол» партиясынан Шымкент қаласы мәслихатының депутаты және «Нұр Ойл корпорациясының» құрылтайшысы Құлдан Нұрпейсованың ұлы екен.
БАҚ-тағы мәліметтерге сәйкес, Төлегенов анасына тиесілі компанияда қаржы директоры болып жұмыс істеген. Сол кезеңде компания 85 тонна дизель отынының жоғалуына байланысты дауға қалған. Ондағы ақпарат бойынша отынды тиісті рұқсат құжаттарынсыз босатуға Төлегеновтің өзі рұқсат берген.
Adata сервисінің мәліметінше, DQ Global Ltd.-ні қоса алғанда, Қанат Айтбаев тағы жеті заңды тұлғаның құрылтайшысы. Олар түрлі қызмет көрсетумен қатар, сауда, концерттік қызмет, іс-шара ұйымдастыру, мейрамхана бизнесі және азық-түлік жеткізу салаларында жұмыс істейді.
Димаш Құдайберген ерекше вокалдық диапазонымен әлемге танылған қазақстандық әнші, композитор әрі мультиаспапшы. Оның әкесі Қанат Айтбаев көп жылдан бері өнерпаздың шығармашылық командасын басқарып, музыкалық жобаларына продюсерлік етіп келеді.
Тағы да оқыңыз: Димаш Құдайберген «Кітап оқитын ұлт» марафонына өзі оқыған кітапты ұсынды
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
1 қазан 2026