«Шындықты кейін айтамын»: Криштиану Роналду Португалия құрамасынан кетті
Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынынан кету туралы шешім қабылдады. 41 жастағы футболшы бұл туралы Instagram парақшасында мәлімдеді. Португалия футбол федерациясы да Роналдудың команда орналасқан лагерьден кеткенін ресми растады.
Роналдудың мәлімдемесі Португалия құрамасының бас бапкері Жорже Жезуштің баспасөз мәслихатынан кейін жарияланды. Футболшы шешімді Португалия футбол федерациясының президенті Педру Проэнсамен сөйлескеннен кейін қабылдағанын айтты.
«Бас бапкердің баспасөз мәслихатынан кейін және Португалия футбол федерациясының президентімен сөйлескен соң, ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынынан кету туралы шешім қабылдадым. Уақыты келгенде Португалия халқына ұлттық құрамадан кетуіме не себеп болғаны туралы шындықты айтамын. Мен бұл командаға әрдайым барымды салдым. Қазір Португалияға және барлық командаластарыма сәттілік тілеймін», – деп жазды Роналду.
Оқиға Роналду мен бас бапкер Жорже Жезуш арасындағы келіспеушілік туралы ақпарат тараған тұста болды. Роналду Норвегияға қарсы 2:1 есебімен аяқталған кездесуде алаңға шықпады. Жезуш кейін футболшының бұған ренжігенін мойындағанымен, командада үлкен жанжал бар деген пікірді жоққа шығарды. Оның айтуынша, құрамдағы ережелер барлық футболшыға бірдей және алаңға кімді шығару керегін бас бапкер шешеді.
Португалия футбол федерациясы Роналдудың Копенгагендегі құраманың лагерінен кеткенін растады. Ұлттық команда алдағы Дания және Норвегиямен кездесулерге қалған 24 футболшымен дайындала береді.
Әзірге Роналдудың бұл шешімі Португалия құрамасындағы мансабын толық аяқтағанын білдіре ме, жоқ па — ресми түрде нақтыланған жоқ. Футболшы өзі нақты себептерді кейін жариялайтынын мәлімдеді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
1 қазан 2026