Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Қарағанды облысында 40 млрд теңгенің есірткі зертханасы анықталды

kz.kursiv.media

Қарағанды облысында 40 млрд теңгенің есірткі зертханасы анықталды

Қарағанды облысында полиция мен ҰҚК қызметкерлері мефедрон өндіретін ірі есірткі зертханасын анықтады. Арнайы операция барысында трансұлттық қылмыстық топтың екі мүшесі ұсталып, «қара нарықтағы» құны 40 миллиард теңгені құрайтын 2 миллионға жуық бір реттік доза тәркіленді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Ішкі істер министрлігі жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларының нәтижесінде 48 және 28 жастағы екі күдікті ұсталғанын хабарлады.

Олар Қазақстан және көршілес мемлекеттер аумағында аса ірі көлемде есірткі құралдары мен психотроптық заттарды дайындап, кейіннен заңсыз өткізуді көздеген.

«48 жастағы күдікті қылмыстық топтың ұйымдастырушылық мәселелеріне жауап берген. Ол жаңа қатысушыларды тартып, олардың әрекетін үйлестіріп отырған. Ал 28 жастағы күдікті зертхананың жұмысын тікелей ұйымдастырып, жаңа қатысушыларды есірткі құралдары мен психотроптық заттарды дайындау тәсілдеріне үйреткен», – делінген тергеу мәліметінде.

Зертхана аумағында жүргізілген тінту барысында көлемі 50 тонна болатын өнеркәсіптік цистерна анықталды. Оның ішінде шамамен 16 тонна пайдаланылған өнім мен сұйықтық болған. Сонымен қатар көлемі бір тонна болатын екі ыдыс, 20 литрлік үш канистр және ұнтақ тәрізді заттардың қалдықтары бар 10 полимер қап тәркіленді. Ыдыстардың ішінен өткір химиялық иісі бар заттардың қалдықтары табылған.

«Өнеркәсіптік цистернадан зерттеу үшін 10 литр сынама алынды. Мамандардың қорытындысына сәйкес, ұсынылған үлгіден мефедрон анықталды. Зерттелген сынамадағы есірткі затының салмағы 1 келі 723 грамды құрады, – деді Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов.

Мамандардың алдын ала есептеуіне сәйкес, анықталған заттың көлемі мен зерттеу нәтижелерін ескере отырып, дайын мефедронның ықтимал көлемі 2 тоннаға дейін жетуі мүмкін. Бұл шамамен 2 миллион бір реттік доза. Яғни аталған көлем есірткінің заңсыз айналымына түскен жағдайда, миллиондаған адамға қауіп төндіруі ықтимал еді. Оның заңсыз нарықтағы алдын ала құны 40 миллиард теңгеге дейін бағаланып отыр.

Екі күдіктіге де қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы жеті айында 4,5 мың есірткі құқық бұзушылығы тіркелді. Оның ішінде 17 синтетикалық есірткі өндіретін жасырын цехтың қызметі тоқтатылды.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
1 қазан 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар