Қазақстан мұнай өңдеуді 39 млн тоннаға дейін ұлғайтады
Қазақстан мұнай өңдейтін зауыттарды кеңейтіп, жаңа үлкен зауыт салуды жоспарлап отыр. Осылайша жылына өңделетін мұнай көлемін 39 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан 30-шы KIOGE 2026 халықаралық көрмесі конференциясы аясында Энергетика министрлігінің Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv Media.
Айтуынша, салынатын жаңа кешеннің жылдық қуаты 10 млн тоннаға дейін жетеді. Энергетика министрлігі нысанды 2033 жылға дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, Ұлытау, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарындағы төрт ықтимал алаңға салыстырмалы талдау жүргізіліп жатыр. Өңірді түпкілікті таңдау осы жылдың соңына дейін жүзеге асырылады.
«Біз жаңа МӨЗ жобасын іске асыруды жеделдету туралы шешім қабылдадық. Жыл соңына дейін төрт ықтимал облысқа бағалау жүргізіліп, содан кейін құрылыс үшін оңтайлы өңір ресми түрде анықталады. Жаңа зауыт заманауи мұнай-химия кластерінің өзегіне айналады», – деді Дәулет Арықбаев.
Сонымен қатар Қазақстан жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу кәсіпорындарының қуатын қазіргі 18 млн тоннадан жылына 29,2 млн тоннаға дейін арттырып жатыр.
Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 2030 жылға қарай жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Жобаның ТЭН әзірлеу жұмыстарын CNPC-нің Шығыс-Қытай жобалау институты жүргізіп жатыр.
Павлодар мұнай-химия зауытын 2031 жылға қарай жылдық қуатын 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнай өңдеу көлемі кезең-кезеңімен 2028 жылға қарай 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін арттырылады. Кәсіпорында жөндеуаралық үш жылдық циклге көшу де жоспарлануда.
Дәулет Арықбаев Қазақстан өндіретін мұнайдың 80%-ы шетелге сатылатынын айтты. Ал сол экспортқа кететін мұнайдың 80%-дан астамы Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданады.
Қазақстан қыркүйек айында мұнай мен мұнай өнімдерін шетелге сату салығын тоннасына 94 долларға дейін өсірді. Тамызда кедендік баж 76 доллар болған еді. Салыстырмалы түрде, салық мөлшері бір айда 18 долларға (немесе 23,7%-ға) қымбаттады.
- Соңғы
-
-
-
-
- Қыркүйек, 30
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
1 қазан 2026