32 млн теңгеден басталады: Lynk Co 900 Қазақстан нарығына шықты
Флагмандық Lynk & Co 900 Қазақстан нарығына ресми түрде шықты. 1 қазанда бренд дистрибьюторы алты орындық, толық жетекті, қосылатын гибридті кроссоверге алдын ала тапсырыс қабылдауды бастады. Еуропалық үлгідегі және 2.0 Ultra жинақтамасындағы көліктің бағасы 32 млн теңге болып белгіленді.
Lynk & Co 900 SPA Evo платформасы негізінде жасалған. EM-P гибридті жүйесі екі литрлік қозғалтқыш пен электр қозғалтқыштарын біріктіріп, 718 ат күшін береді. Кроссовер 0-ден 100 км/сағ жылдамдыққа 4,9 секундта жетеді.
Көлікке сыйымдылығы 50 кВт·сағ аккумулятор орнатылған. Ол тек электр қуатымен 170 км-ге дейін жүруге мүмкіндік береді. Ал гибридті режимдегі жалпы жүріс қоры 870 км-ге дейін жетеді. Екі көрсеткіш те NEDC сынақ циклі бойынша есептелген.
Тұрақты тоқпен қуаттау кезінде аккумуляторды 20%-дан 80%-ға дейін 17 минутта толтыруға болады.
Қуатты дөңгелектерге үш сатылы DHT Pro гибридті трансмиссиясы жеткізеді. Сондай-ақ көлікке екі камералы пневматикалық аспа мен электронды басқарылатын амортизаторлар орнатылған. Жүргізушіге бес режим қолжетімді: Hybrid, Electric, Performance, Snow және Off-Road.
Lynk & Co 900-дің ұзындығы 5240 мм, ені 1999 мм, доңғалақ базасы 3160 мм, ал клиренсі 194 мм. Салондағы орындықтар 2+2+2 схемасымен орналасқан.
Екінші қатардағы екі жеке орындық 180 градусқа бұрылады. Олар электрлі реттеу жүйесімен, желдеткішпен және аяқ тірегіштермен жабдықталған. Ал барлық үш қатардағы орындықтарда жылыту және массаж функциясы қарастырылған.
2.0 Ultra жинақтамасына ажыратымдылығы 6K болатын екі 30 дюймдік экран, проекциялық дисплей, 31 динамигі бар Harman Kardon аудиожүйесі және салқындату әрі жылыту функциялары бар 9 литрлік тоңазытқыш кіреді. Сондай-ақ үш аймақты климат-бақылау, көлікті жан-жақты көрсететін камералар және 540 градус шолу мүмкіндігі бар «мөлдір шасси» жүйесі қарастырылған.
Электронды жүргізуші көмекшілерінің қатарында бейімделгіш круиз-бақылау, автоматты шұғыл тежеу, соқыр аймақтарды бақылау және көлікті тұраққа қоюға көмектесетін жүйе бар.
Зауыт кепілдігі бойынша автокөлікке бес жылға дейін, ал гибридті жүйе компоненттеріне сегіз жылға дейін кепілдік беріледі.
Бренд өкілдерінің хабарлауынша, Қазақстанға арналған нұсқа БҰҰ ЕЭК ережелеріне сәйкестігі бойынша тексеруден өткен. Сондай-ақ жергілікті нарыққа арналған көліктің бағдарламалық жасақтамасы мен навигациясы толық бейімделген.
Қазір Lynk & Co 900 Қазақстан жолдарында 90 күндік сынақтан өтіп жатыр. Дистрибьютордың мәліметінше, бұл бренд үшін модельді нарыққа шығар алдында өткізілетін алғашқы жергілікті сынақ кезеңі.
Алдын ала тапсырысты брендтің Алматы, Астана, Шымкент және Оралдағы ресми дилерлері қабылдайды.
Сонымен қатар кроссоверді Алматы, Астана, Қостанай, Атырау, Павлодар және Қарағанды қалаларындағы Geely дилерлік желісі арқылы да тапсырыс беруге болады.
Тағы да оқыңыз: Geely электромобильдері 5 минутта зарядталады
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
1 қазан 2026