Ұлдана Мырзуан ісінде сот тергеуі қайта басталуы мүмкін
Астанада қайтыс болған фельдшер Ұлдана Мырзуанның ісі бойынша сот тергеуі қайта басталуы мүмкін. Бұл туралы 2026 жылдың бірінші қазанында өткен сотта айтылды, деп хабарлайды KursivMedia.
Қылмыстық істе сотталушы Сәуле Жұбаниязова соттағы соңғы сөзін айтуға тиіс еді. Алайда Ұлдана Мырзуанның анасының адвокаты сот тергеуін қайта бастау қажет екенін айтып, өтінішхат жолдады.
Адвокаттың айтуынша, қазір Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу сотында жәбірленушінің өкілінің құрылыс салушыға және тұрғын үй кешенінің өзге де тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыға берген шағымы қаралып жатыр.
Соның нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайы толық анықталып, басқа да азаматтар анықталып, олардың әрекетіне баға беріледі.
Айта кетейік, бұған дейінгі сот отырысында мемлекеттік айыпталушы сотталушы Сәуле Жұбаниязованы кінәлі деп танып, 2 жыл бас бостандығынан шектеуді сұрады.
«Айыптау тарапы Сәуле Жұбаниязованы Қылмыстық кодекстің 254-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрайды. Сонымен қатар 3 жыл мерзімге кондоминиум нысандарын басқару қызметімен айналысу құқығынан айыру қажет. Сотталған адам пробациялық бақылауда болуы керек», – деді прокурор.
Фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасынан кейін қозғалған іс бойынша сот 18 тамызда басталды. Сәуле Жұбаниязова қылмыстық кодекстің 254-бабы (міндеттеріне адал қарамау) бойынша айыпталып отыр.
2026 жылдың 9 қыркүйегінде сотқа құрылыс саласы бойынша сарапшы Вероника Лабаева қатысты. Сарапшының айтуынша, Тәуелсіздік көшесіндегі тоғыз қабатты үй 5 қабатты етіп салынуы керек болған.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
1 қазан 2026